Басты Жаңалықтар 13 жастағы оқушы электр техникасын жөндейтін цех ашты

13 жастағы оқушы электр техникасын жөндейтін цех ашты

Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданының Қараой ауылында тұратын 13 жастағы оқушы электр техникасын жөндейтін цех ашты. Мүгедек әкесінен шеберлік дарыған талапты бала бүгінде бірнеше елді мекеннің тұрғындарына қызмет етіп, үйіне табыс кіргізіп отыр.

Шағын шеберхана көмегіне жүгінушілер көп. Ауыл тұрғындарының техникасы істен шықса, бірден Нұрасылға келеді. Бала техниканың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Теледидар, тоңазытқыш, көлік, магнитафонның кез-келгенін әп сәтте жөндеп береді.

Нұрасыл Несіпбай, шебер:
Әкем екеуіміз микроскоп құралына тапсырыс бердік. Ол кішкентай сымдарды үлкейтіп көрсете алады. Бұл енді сотканы жөндеуге мүмкіндік береді. Енді ноутбук жөндеп үйренгім келеді. Қазір интернеттен қарап жатырмын. Жиған ақшамды саймандарға жұмсаймын, сосын жинаймын.

Нұрасылға шеберлік әкесінен дарыған. Дос Төлегенов жастайынан сал ауруымен күресіп келе жатса да тағдырдың тәлкегіне мойымаған. Керісінше жігерін жанып, жұмыстан қол үзбей, 3 баласын жеткізуге тырысты. Дегенмен соңғы жылдары дерті дендеп, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік болмапты. Сондықтан кәсіпті Нұрасыл қолға алған. Шебер бала бір жылда-ақ шағын шеберхана ашты.

Құдайберген Әбдікәрімов, Нұра кентінің тұрғыны:
Енді Киевка кентінен осында келіп техника жөндетеміз деп айту ұят. Бірақ дәл осындай мықты маман бізде жоқ. Бастысы жұмысына гарантия береді. Бұл ерлік деп ойлаймын.

Бала шебер алдымен оқуға мән береді. Үлгерімі де жаман емес. Әсіресе физика пәніне жетік.

Қымбат Әбілдинова, сынып жетекшісі:
Мен өз тәжірбиемде дәл осындай техникаға мықты оқушы көрген жоқпын. Басқа балаларға қарағанда қызығушылығы өте жоғары.

Шалғайдағы шеберді іздеп жұрт жақын елді мекендерден ғана емес елордадан да келіп жатады екен. Ондай тапсырыстардың табысы да қомақты. Нұрасылдың арманы - әкесінің еміне қаражат жинау.

Руслан Нұрланұлы


Бөлісу