Жамбыл облысында 82 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 82 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған

18.02.2021

Жамбыл облысында игерусіз қалған алқаптар ғарыштық бақылау арқылы анықталып жатыр. Былтырдан бері 82 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал мыңдаған гектар аумақты жалға беріп пайда тауып отырғандар салық базасы арқылы анықталуда. Жерді не пайдаға жаратпай я мемлекет меншігіне өткізбегендерге айыппұлды он есеге дейін көтеру көзделген.

Жиырма жылдан бері егін еккен Әділ Кушыров енді мал шаруашылығына бет бұрды. Сондықтан, иелігіндегі жеті гектар суармалы алқапты мемлекет меншігіне қайтармақ болып, бос жатқан жерінің құжаттарын тиісті мекемеге әкелді.

Әділ Кушыров, Жамбыл ауданының тұрғыны:
Жер тиімді пайдаланып жату керек. Ол қурай басып, шөп, су басып жатпау керек.

Жамбыл облысындағы 14 млн гектар жердің 4 жарым млн гектардан астамы ауылшаруашылығы мақсатына арналған. 781 мың гектар алқапқа сараптама жүргізген мамандар 25 мың гектар аумаққа мүлде соқа салынбағанын анықтады. Енді ол жерлер сот арқылы мемлекетке қайтарылмақ.

Айдар Тәжіков, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
Жерді игермейтін болса әкімшілік жауапкершілікке тартылады, айыппұлдар саланады. Ал, жерді игермейтін болса өз бетінше мемлекетке өткізетін болса әкімшілік жауапкершілік қаралмайтын болады.

Былтыр елімізде алғашқылардың бірі болып спутниктік бақылау жүргізуді бастаған әкімдік мамандары жұмысымыз біраз жеңілдеді дейді. Олар бос жатқан 370 мың гектар жайылым жерді ауыл әкімдіктерінің балансына өткізген. Соның арқасында жайылым жетпей жатқан ауылдардың картасын қайта жасауға мүмкін тумақ. Ал, мемлекет меншігіне өтіп, қайта айналымға қосылған 120 мың гектар егістік алқаптары жерге қол жеткізе алмай жүрген шаруаларға аукцион арқылы берілуде.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Қазір өңірде бос жатқан жерлердің картасы жасалып, жер қатаныстары басқармасының ресми сайтына жарияланған. Осы бірыңғай база арқылы бос жерлерді мемлекеттен жалға алуға өтініш беруге болады. Осылайша еңбек етіп, егін саламын деген азаматтардың кәсіп бастауына жол ашылды.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу