Иран Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді

19.02.2021

Иран Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді. Мұндай мәселе көтерілген де емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында аударма дұрыс жасалмаған. Салдарынан, әр ел сарапшыларының ойы сан-саққа жүгірді. Ал ирандық саясаткердің айтқаны – еркін сауда аймағы төңірегінде болған.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран бұрыннан байланыс орнатқан. Бірақ, Одақтың мүшесі емес. Тек бірқатар елге еркін сауда аймағы ұсынылған. Бұлар, Сербия, Вьетнам және Иран. Соңғы елмен арада ресми келісім болмаған. Мәміле жүзінде ғана. Енді заңдық күшіне енгізу қолға алынып жатыр. Бар болғаны осы.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Ортақ кедендік кеңістік болу үшін, ең алдымен, кем дегенде біз шекаралас жатуымыз керек. Ортақ дәліздер болу керек. Иранның қазір аймақтық, халықаралық деңгейдегі репутациясы бар. Бұл санкциялардың құрсауындағы мемлекет. Қаншалықты бұл біздің ұлттық мүдделерімізбен үйлеседі не үйлеспейді бұл да ойландыратын мәселе.

Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақтың қазір әлемдік саяси аренада беделі жоғары, бәсі басым. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Армения мүше. 180 млн-нан астам халықты біріктіріп отырған алып нарық. Демек, оған кіре салу оңай шаруа емес. Ортақ талап көп. Экономиканың тұрақтылығы, инфляция көрсеткіштері, елдің сыртқы қарызы, басқа елдермен қарым-қатынасы бәрі-бәрі екшеліп, ескеріледі. Кандидат ел осы ережелерге сай болуы керек.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Иранның өзінің алдында үлкен проблемалары бар. Мысалға, батыс мемлекеттерімен, соның ішінле АҚШ-пен санкциялық күрес жағдайында өмір сүріп жатқан мемлекет. Осының бәрін ескере келе Иранның одаққа мүшелік туралы сөз жүріп тұрған жоқ.

Демек, Иран одақпен әзірге одақтаса алмайды. Тек еркін сауда аймағы арқылы тараптардың байланысы беки түседі. Қазір осыған қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Оның мақсаты – сауда-саттықты күшейту. Өйткені, осыған дейінгі алыс-берісте түрлі кедергілер көп болды. Ал бұл келісім сол бөгеттерді бұзады. 

Қазақстан негізінен астықты жөнелтеді. Етке де сұранысы жоғары. Ал бізге Иранның жаңғағы мен жеміс-жидегі, көкөнісі жеткізіледі. Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 237 АҚШ долларына жеткен. Еркін сауда алаңы осы ортақ нарықты ұлғайтып, бағаға да оң әсерін тигізу керек деп отыр сарапшылар.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу