Елімізде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз - министр

18.02.2021
Елімізде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз - министр

Біз еліміздегі мектептерде, колледждер мен университеттерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

«Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына барынша мүмкіндік жасау қажет. Бұл ретте мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінің де ықпалы зор. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды. Соның негізінде еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару технологияларын енгізе алады», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Министрлің айтуынша, қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Бұл ретте дебат ойындары мен мектептегі өзін-өзі басқару тетіктері жоғарыда аталған қабілеттерді қалыптастырады.

Мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқаруы қалай жүргізілмек? 

Әдетте оқушылар арасында сайлау ұйымдастырылып, мектеп парламентінің мүшелері сайланатын. Оның құрылымында атқарушы органдар да болуы мүмкін, олардың әрқайсысы өз бағытына жауап береді. Бұл жүйе оқушыларға басқарудың не екенін түсінуге, олардың саяси және құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Балаларға жауапкершілік жүктеп, өз бетінше әрекет етуге жағдай жасайды.

Мұның маңызы неде?

Ең алдымен оқушылар мектептегі барлық білім алушалардың мүддесіне сәйкес бастамалар көтеріп, тиісті шешім қабылдауды және оларды жүзеге асыруды үйренеді. Мектептегі өзін-өзі басқару білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және бар мәселені бірлесіп шешуге өз ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта өзін-өзі басқару үрдісі де дебат ойындары сияқты мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналады

Министр балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдайтынын айтты.

«Мұндай бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етпек», - деп түйіндеді Аймағамбетов.
білім ЖОО білім министрі Асхат Аймағамбетов

Хабарламаларға жазылу