Нұр-Сұлтан әлемдегі ең ауасы лас 10 қаланың қатарына енген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан әлемдегі ең ауасы лас 10 қаланың қатарына енген

17.02.2021

Елордада атмосфераның ластану индексі желтоқсан-қаңтар айларында қауіпті деңгейге жетті. Air Quality Index сайтының мәліметінше, өткен айда Нұр-Сұлтан әлемдегі ең ауасы лас 10 қаланың қатарына енген. Желсіз ауа райы, жылу қазандықтары және көліктен шығатын зиянды заттардың мөлшері жыл сайын ұлғайып барады. Салдарынан қаланы қою түтін тұмшалап тұрады. Көк түтіннен жел сақтайды деген пікір бар. Алайда, экологтар бұл уәжді жоққа шығарды. 365 күннің тең жартысы Нұр-Сұлтанда жел соқпайды екен. Табиғи жолмен тазармаса, онда жаңа технологияны қолдану керек-дейді маман.
Азаматхан Әміртай, эколог:
ТЭЦ-ті газға көшіру бір мәселе. Сонымен қатар, түтін шығатын мұржасына фильтр қоятын технология бар. Оны істесе 97-98 пайызға дейін ол зиянкестерді ұстап қалады.
3,7 млн тонна. Осыншама көмірді екі жылу орталығы бір маусымда жағып шығады. Оған 22 мыңдай жер үйді қосыңыз. Екеуі қосылып, жылына 40 мың тоннадан астам зиянды қалдықты ауаға шашады. Еркін Шәкірұлы «бас қаладағы ауаның сапасын сөз ету үшін эколог болу міндетті емес»-дейді. Елорданың рухани орталығы саналатын аумақта өмір сүреді. Маңайында мешіт, музей, театр бар. Бірақ, таңертең-кешке терезе ашу мүмкін емес. Соны айтып, сан мәрте желіде жазды.
Еркін Шәкірұлы, қала тұрғыны:
Таңертең жұмысқа бара жатқан кезде мына жерде басып тұрады. Кешке дүкен, мешітке шықсаң енді мүмкін емес. Мен масканы коронавирустан емес, түтіннен қорғанып тағамын.
Министрліктің есебі бойынша, жағдай Елорда ғана емес, бүкіл елде күрделі. Ауасы ең лас өңір ол – Теміртау. Алматы, Өскемен, Павлодар, Шымкент сынды шаһарларда да жағдай мәз емес.
Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
Ағымдағы жылы ауа атмосферасын бақылау үшін 30 ықшам автоматты аппарат алу жоспарда. Республика аумағын 100 қамтуға және шынайы ақпаратпен мүмкіндік береді.
Қазір Елордада 160 жеке үй газға қосылды. Осы жылы олардың санын 12 мыңға жеткізу жоспарланған.
Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
Келесі жылыту маусымына дейін ТЭЦ-1де 10 қазандық, ТЭЦ-2 де 6 қазандық газға көшеді. Заңды және жеке тұлғалар үшін бір баға. Бұл баға тұрақты түрде болады. Көмірмен салыстырғанда 10-15 пайызға тиімді болып табылады.
Ғабит Бөкенбай, тілші:
Ауа сапасының индексі деген ғаламдық өлшем бар. Әлбетте, аталған тізімді Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстанның өндірісті, халық көп қоныстанған ірі қалалары бастап тұратын. Өткен қаңтар айында осы тізімнің алғашқы ондығынан біздің Астанада ойып тұрып орын алды. Әрине, көңіл көншіп, мақтанатын көрсеткіш емес. Дәл қазір мен екінші ЖЭО тұсында тұрмын. Бүгін жел шығыстан соғып тұр. Демек, мына түтіктерден ұшқан зиянды қалдықтар, қаланың қақ ортасына барып шөгеді деген сөз.
Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу