Еуропада вакцина тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада вакцина тапшы

17.02.2021

Еуропада коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлері тез таралып жатыр. Дәрігерлер оған тосқауыл қою үшін вакцинацияны күшейту қажет деп дабыл қағуда. Алайда қарт құрлық елдері әлі екпеге жарымай отыр. Вакцина тапшылығы шешіліп қалар деген үмітпен Бельгия үкіметі Брюссельде 10 мың шаршы метрлік ғимараттан вакцина орталығын ашты. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бұл Брюссельдегі ғана емес, Бельгиядағы ең ірі вакцинация орталығы. Күніне 3700, айына 100 мың адамға екпе салуға қауқарлы. Қазір мұнда 55 жасқа дейінгі медбикелер мен дәрігерлерге AstraZeneca вакцинасы салынып жатыр. Препараттың алғашқы дозасын алғандар мына жерде 15 минут күтуге міндетті. 

Осы уақыт аралығында иммунологтар екпенің қалай әсер еткенін бақылайды. Санитарлық талаптарға сай жабдықталған орындарда орталық ашылған алғашқы күні 130 адамға вакцина салынды.   

Патрик Марти, дәрігер:
Мен екпе салдыртуға қуана-қуана келістім. Себебі біз вирус жұқтыру қаупі жоғары топтың өкілдеріміз ғой. Негізі қалыпты өмірге оралудың жолы - вакцинация. Өзім ештеңе сезбедім. Көңіл-күйім тамаша. 

Әзірге орталық аптасына алты күн 8 сағат жұмыс істейді. Фармацевтикалық компаниялар уәде еткен вакциналарды көктемге дейін жеткізсе, онда екпе салу науқаны күн-түн демей жалғасады дейді министр. 

Ален Марон, Брюссельдің денсаулық сақтау министрі:
Вакцина тапшы қазір. Соның кесірінен орталықтың әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Бізді екпемен қамтамасыз етсе, онда жазға дейін бельгиялықтардың 70 пайызына осы жерден-ақ вакцина салып бітер едік.   

Бұл - Еуропалық Одаққа мүше елдердің бәріне ортақ проблема. Себебі BioNTech-Pfizer мен AstraZeneca компаниялары қарт құрлыққа уәде еткен дозаларын әлі күнге жеткізе алмай отыр. Американың Moderna екпесінің 160 млн данасы да салынып бітті. Одақ елдері Еуропалық комиссия мен дәрі-дәрмек жөніндегі Еуропалық агенттік басшыларынан тағы бірнеше фармацевтикалық компаниялардың вакциналарын пайдалануға рұқсат беруді талап етуде. Әйтпесе, әр ел өзінше әрекет етпек. Еурокомиссиядан күдер үзген Венгрия азаматтарына Ресей мен Қытайдың вакцинасын сала бастады. 

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу