«Астанаэнергосбыт» ЖШС-на 4,6 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-на 4,6 млн теңге айыппұл салынды

17.02.2021
«Астанаэнергосбыт» ЖШС-на 4,6 млн теңге айыппұл салынды

«Астанаэнергосбыт» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлады. 

«Елорда тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдары негізінде табиғи монополия саласында Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Аудит барысында «Астанаэнергосбыт» ЖШС «жеке тұлғалар» санатында жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлерге жылу энергиясының көлемдерін қабылдамайтындығы анықталды, сол арқылы құрылыс салушы объектілерді тапсырған кезде жеке тұлғаларға жылу беру үшін жеке шоттар ашудан бас тартады. Нысанның иесі ауысқан жағдайда, құрылыс салушы «Астанаэнергосбыт» ЖШС-мен энергиямен жабдықтау туралы келісімді бұзған кезде және жаңа иелер үшін жеке шоттар ашпастан, бұл нысан келісімшарты жоқтар қатарына өтеді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Астанаэнергосбыт» компаниясы 25-ші көше 9-үй, А. Храпатый көшесі 14, Достық 1/2, Е67 көшесі 6-үй, Қабанбай батыр 49, Қарасай батыр 22/А, 22/Б, Қазыбек би 11А, Қ. Мұхамедханов 1/1, Қ. Мұхамедханов 1/2. Қ. Мұхамедханов 20, қ. Мұхамедханов 20/1, қ. Мұхамедханов 20/2, Қ. Мұхамедханов 20/2, Керей, Жәнібек хандар 50, Мәңгілік ел даңғылы 45, 58, Тұран даңғылы 58-үй және жалпы 1 191 пәтер бойынша жалпы 3027,72 Гкал көлемінде жылу энергиясы қабылдамаған және шарт жасасудан бас тартқан. Компания жылу энергиясымен жабдықтау саласындағы табиғи монополия субъектісі бола отырып, жеке тұлғаларға жеке шот ашудан және жылу энергиясының көлемін қабылдаудан бас тарту арқылы тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметіне қол жеткізудің тең емес жағдайын жасаған. 

«Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша «Астанаэнергосбыт» ЖШС- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 4 667 200 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп түсіндірді ведомстводан. 

Хабарламаларға жазылу