Алматыда телекоммуникациялық компания интернет трафикті қате есептеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда телекоммуникациялық компания интернет трафикті қате есептеген

16.02.2021

«Интернет қызметін пайдаланбасақ та, «Қазақтелеком» ақы төлеуді талап етті». Осылай деген алматылық тұрғындар арнамызға шағымданды. Айтуларынша, компания оларға ешқандай негізсіз төлем туралы хабарлама жіберіп отырған. Алайда жауапты мамандар бұл пікірмен келіспейді. Тек, есептеу кезінде қателік жібергендерін мойындап отыр.

Қала тұрғыны Инна Рудаковаға интернет қызметі үшін 50 мың теңгеден астам қарыз төлеу туралы хабарлама келген. Бұған қоса, әр айдың ақысы уақытылы жабылмағандықтан, негізгі төлем еселенген. Тіпті мамандар оған жиі қоңырау шалып, интернет сапасы жөнінде сауалнама жүргізгенін айтады. Алайда телекоммуникациялық компанияға интернет орнату туралы бірде-бір рет өтініш бермедім дейді. Ол осы мәселе жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасына да жазған. Қалдырылған пікірлерден компаниядан зардап шеккендердің баршылық екендігін байқауға болады.

Инна Рудакова, қала тұрғыны:
Қандай интернет? Бізде ешқашан болмаған. Интернет орнатылса, қандай да бір құрылғы болуы керек. Олар ай сайын интернет трафигін бақылап отыруы тиіс. Ал құрылғы болмаса, қызмет құнын қалай есептейді?

Ал телекоммуникация орталығының өкілдері абонент 2008 жылдан бері ID NET интернет қызметін пайдаланады дейді. Бірақ, қызметкерлердің қателігінен 2019 жылдың маусым айынан бастап жүйеге сымсыз, яғни LTE интернетін пайдаланушы ретінде тіркелген. Екі түрлі жүйенің бағасында айырмашылық бар. Сондықтан, осындай келеңсіздікке тап болдық дейді.

Найлә Әбділдаева, «Алматытелеком» ҚТО коммерциялық директоры:
Абонент артық ақша төлеген жоқ. Ол бізге хабарласқаннан кейін, тиісті жұмыстар атқарылды. Барлық материал комиссия өкілдеріне жіберілді. Бірақ, тұрғынның айыбы негізсіз. Ол интернет қызметін бірнеше жылдан бері пайдаланғанын айтқым келеді. Тіпті оны орнату туралы өтініші де бар.

Төлем туралы хабарламалардан әбден мезі болған Инна Рудакова өткен жылдың соңында компанияға интернетті мүлдем тоқтату туралы өтініш жазған. Қазір тұтынушылар қатарында жоқ. Ал қызметімізді бірнеше жыл пайдаланды деген Қазақтелеком өкілдері күні кеше абоненттің қарызы жабылғанын жеткізген.

Инна Рудакова, қала тұрғыны:
«Қазақстан» телеарнасы мәселеге араласқаннан кейін маған трафикті қайта есептеп берді. Көмек бергендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Қазір ешқандай қарызым жоқ.

«Қазақтелеком» компаниясы қателік жіберген қызметкерді жұмыстан босатқан. Сондай-ақ, өзге де жауаптыларға ескерту береміз деп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу