Атырауда полиция қызметкерлері есірткімен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда полиция қызметкерлері есірткімен ұсталды

16.02.2021

Атыраудағы Доссор тас жолы бойында әкімшілік полиция басқармасының екі қызметкері Данияр Қанатов пен Роман Аймағамбетов есірткімен ұсталды. 

Олардың заңсыз әрекетін есірткі қылмысымен күрес басқармасы мен Ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары әшкереледі.  Жедел операция кезінде Хюндай автокөлігін тоқтатқан қызметкерлер көліктен мотоциклдің дөңгелегін алып шықты. Онда мұқият жасырылған жасыл түсті зат табылды. Ұсталған полиция майоры мен капитан қазір уақытша қамауда.

Ерген Төлемісов, облыстық Полиция департаменті басқармасының бастығы:
Аталған оқиға бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Бұл кісілердің біреуі отпускада жүрген адам, ал, екінші жұмыс уақытында жұмыста жүрген адам.

Ал, осыдан үш ай бұрын ғана Жамбыл облысының Шоқпар станциясында желілік полиция қызметкерлері есірткімен ұсталған еді. Қарасораны заңсыз саудаламақ болғандарды құрықтау кезінде атыс болып, күдіктілердің екеуі жарақат алды, біреуі көз жұмды. 

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу