Қазақстандағы фитосанитарлық және ветеринарлық зертханалардың жағдайы неге мүшкіл? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы фитосанитарлық және ветеринарлық зертханалардың жағдайы неге мүшкіл?

14.02.2021

Жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық томат пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынған. Мұндай сауда соғыстарында ең күшті қару - тауардың сапасын ғылыми растау.

Бірақ біздің тарап не істегенін білесіз бе? Сол вирусты талдауды Ресейден, яғни бізге сауда кедергілерін тудырып отырған елден сұраған. Демек бізде өсімдіктер карантині зертханасы жоққа тән деген сөз ғой.

«Не заманауи база, не зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар жоқ» деп, осы мысалды келтірген сенатор А.Күрішбаев, сала мамандарына бұл бағытта «қаншалықты артта қалғанымызды көру үшін» Мәскеуге барып «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині» ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көруге кеңес берген. Сенатор ГМО өнімдерін зерттеу жүйесіне қатысты да осы жағдайды айтты. Сондықтан елімізге гендік модификацияланған тамақ өнімдерінің және тұқым материалының кіру қаупі өте жоғары. Бұл енді әсірелеу емес – алаңдататын мәлімет.

Біздің тілшілеріміз Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданында балабақша, мектеп және басқа да мекеме асханаларына мал еті тексерілмей өткізіліп жатыр,- деген шаруалар дабылын жеткізген. Былтыр өңірде мал өнімдерін сараптамадан өткізетін екі ветеринариялық зертхананы ескі деп жауып тастаған. Ал жаңадан салына бастаған ғимараттардың құрылысы әлі бітер емес. Тоқтасын Бәкімбаев есімді шаруа қожалығының басшысы: 

«Тексертпейміз. Ауданнан ақырын сұрасақ, өткізе беріңдер, дейді. Мысалы, мен бір қой сойсам 200 шақырым қашықтағы Алтай қаласына апармаймын ғой. Ауылдарда мектептердің асханалары бар, соның бәріне ет сараптамасыз кетіп жатыр», деген.

Осы екі мысал – фитосанитарлық және ветеринарлық зертханалардың мүшкіл жағдайы аграрлық әлеуетімізді дұрыстап пайдалансақ, мұнайсыз тіршілік қылуға мүмкіндігіміз бар деген тәтті, үмітке толы қиялдағы жоспардың өзін күл-талқан қылып бұзады.

Данияр Қайыртай жалғастырады.


Хабарламаларға жазылу