Атырау облысындағы қазақ мұнайының қара шаңырағына айналған өлке тозып барады. Доссор және Мақат кентінде, адам өмірі үшін қауіпті апатты үйлердің саны күрт көбейген. Құлаудың аз-ақ алдында тұрған баспаналар 100-ден асып жығылады. Олардың арасында салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болған пәтерлер де бар.
Жандос Темірғали, тілші:
-Бұл Доссор кентіндегі жарты ғасыр бұрын салынған апатты үй. Мұнда қазір ондаған тұрғын қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Баспананың іргетасы отырған. Шатыры ұшқан. Соның кесірінен үй ортасынан екіге бөлініп жатыр. Оны қақыраған қабырғадан да оңай байқауға болады.
Асылтектің апатты үйде тұрғанына 3 жыл. 5 баласымен 25 шаршы метрді паналап келеді. Тозығы жеткен баспана әбден титықтатып біткен. Жөндеуге келмейді. Шатыры шұрық тесік. Жылуы да мардымсыз. Жуынатын бөлме атымен жоқ. Электр желісі тозған. Жиі тұйықталады. Кесірінен су жаңа теледидары мен тоңазытқышы жанып кеткен. Бір рет өрт те болыпты.
Жаңыл Аяпбергенова, Доссор кентінің тұрғыны:
Жаздың кезінде жарықтың бәрінен жарғанат кіреді. Жарғанаттан көз ашпаймыз таңға дейін арпалысамыз.
Ал, бұл Мақат ауданындағы 94 жыл бұрын салынған үйлер. Оны 20 ғасырдың басында өлкеге мұнай іздеп келген ағылшындар тұрғызған. Сордың дәл іргесінде тұр. Жартысы құлап, опырылған. Көбінен адамдар көшіп кеткен.Себебі, тұру мүмкін емес. Қалғандар - қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар.
Нағима Сәкетова, Мақат ауданының тұрғыны:
1927 жылы салынған. 1981 жылы кірдім.
30 мыңнан астам халқы бар ауданда соңғы 30 жылда бар- жоғы 60 пәтерлік 3 үй ғана салынған. 641 адам баспана кезегінде тұр. 177 ескі үйдің 102-сі апатты деп танылған. Әкімдік өкілі, кезексіз пәтер берілмейтінін кесіп айтты.
Іңірбай Темірбек, Мақат аудандық түкш бөлімінің басшысы:
Түсіндіріліп айтылды, кезекпен алынатындығы туралы бұл үйлерді. Сондай-ақ біз екінші нұсқасын да қарастырып жатырмыз. Ол егер қаражат мәселесі шешілген жағдайда ғана. Табан астында бізде қазір тұрған пәтеріміз жоқ.
Ауданда 60 пәтерлік 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа баспананы кезегі келгендер ғана алады. Апатты үйдің тұрғындарына басымдық берілмейді. Жауаптылар, облыстық әкімдіктен 79 млн теңге қаржы сұрап отыр. Ақша бөлінген күннің өзінде тек 19 үйдің тұрғыны көшіріледі.
Жандос Темірғали