Ақтөбе облысындағы автобус апатынан аман қалғандардың жағдайы қалыпты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысындағы автобус апатынан аман қалғандардың жағдайы қалыпты

18.01.2018

Автобус апатынан аман қалған 5 адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер «олардың жағдайы қалыпты», дейді.

Осыдан бір сағат бұрын өрттен зардап шеккендер облыс орталығындағы ауруханаға ұшақпен жеткізілді. Оларға негізі оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір жапа шеккендер уақытша жансақтау бөліміне жатқызылды. Бес адамның екеуінің қолдарын күйік шалған. Жалпы, денсаулықтарына қауіп жоқ.

Рахымжан Арыстан, медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Газға тұншығып қалған. Науқастар жансақтау бөлімінде әлі бір аптадай жатады. Жағдайлары қалыпты. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ.

Ауруханаға жеткізілгендердің жас шамасы 29 бен 49 жас аралығындағы ер-азаматтар. Үшеуі қазақ, екеуі Өзбекстан азаматы. Олармен қазір психолог мамандар жұмыс істеуде. Жалпы, осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шұғыл штаб құрылды. Комиссия қазір апаттың мән-жайын анықтап жатыр. Болжам бойынша, автобус электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өртенген болуы керек. Ал, өрт шыққан кезде автобустың есігі кілттеліп, жолаушылар сыртқа шыға алмай қалған.

 

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу