Студенттер енді жекеменшік ұйымдарда да грантын өтей алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Студенттер енді жекеменшік ұйымдарда да грантын өтей алады

04.02.2021

Білім саласындағы өзгерістерге сай оқу орындарына академиялық дербестік берілді. Енді олар оқу бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірге өздері әзірлейді. Бұл қоғамға қажетті, сауатты маман дайындауға септігін тигізеді. Кәсіптік және техникалық оқу орындарына қатысты да бірқатар жаңалық бар.

Гүлнұр екі жылдан соң оқу бітіреді. Жаңа талапқа сай жұмыссыз қалам деп уайымдамайды. Ол мамандығы бойынша грантын енді мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да өтей алады.

Гүлнұр Серікбай, студент:
-Мен грантты қалай өтеймін, қайда жұмыс істеймін деген сұрақтар мазалайтын еді. Жаңа қабылданған норма бізге жақсы септігін тигізді.

Жастар көбіне жекеменшік ұйымдарда жұмыс істегісі келеді. Себебі жалақы жақсы. Ал білім саласындағы реформалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытып, еңбекақыны теңестіуге мүмкіндік береді.

Ерболат Мұхамеджан, КАЗГЮУ университеті басқарма төрағасының орынбасары:
-Кейбір студент бітіреді грантпен, сосын ол міндетті түрде мемлекеттік мекемеге барып жұмыс істеуі керек. Ол не істейді, біреумен келіседі. Сен мынаны тіркеп қоясың, жалақысын өзің ала бересің. Ал өзі басқа жерде жұмыс істеп жүре береді. Не үшін осындай проблемалар жолығады? Жекеменшік компаниялар мемлекеттік ұйымдарға қарағанда жоғары жалақы төлейді.

Мемлекеттік грант алу үшін енді ЖОО-ы аккредитациядан өтпейді. Университеттің материалдық базасы, студенттерінің жұмыспен қамтылуы сынды талаптарға сай енді мемлекеттік тапсырысты уәкілеттік орган бөледі.

Кәсіптік және техникалық оқу орындарына қатысты да өзгерістер бар. Колледждер әр мамандық бойынша оқу мерзімін өздері бекітеді. Соған сай оқу бағдарламасын әзірлейді. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысқа қатысуға құқылы.

Биылдан бастап студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден өткен уақыты еңбек өтілі ретінде саналады. Ал тәлімгер жетекшісіне ақша төленеді.

Ернат Жүнісов, ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:
-Оқу орындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі – ақылы қызмет көрсету және өздерінің шеберханаларында өндірген өнімдерін сату мәселесі. Осы мәселе заң жобасына енгізіліп, өз қолдауын тапты.

Ақылы қызмет көрсету арқылы студенттердің тәжірибе жинауына мүмкіндік туады және оқу орындары қосымша қаражат тауып, колледждің материалдық базасын нығайта алады.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу