Елімізде «Үздік ғылыми қызметкер» атағы тағайындалатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде «Үздік ғылыми қызметкер» атағы тағайындалатын болды

04.02.2021

Ол отандық ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымға ынталандыру мақсатында беріледі. Ал сыйақы көлемі 6 млн теңгеге жуық. Сенат депутаттары бүгін ғылым туралы заңға осындай өзгеріс енгізіп, құжатты бірінші оқылымда қабылдады.

Ғылым туралы заңға кілең ғалым сенаторлар пікір айтты. Бақытжан Жұмағұлов қазір ғалымдарға шығармашылық еркіндік берілмей отырғанын тілге тиек етті. Ғылыми мақалаларды артық қаржы шығындап, батыстың басылымдарына тықпалай беруді тоқтату керек.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Ғылыми идеялар мен қаржыларды делдалдардың пайдасына жұмыс жасап жатыр деген сөз. Отандық ғылыми журналдарды есепке алмайтын болдық. Осылайша өз журналдарымыздың құны түсіп барады. Енді уақыт оздыруға болмайды.

Ал Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, агро саладағы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тым аз уақыт беріледі. Бар жоғы 3 жыл. Бұл уақытты жаңа сұрып немесе жаңа технология жасау мүмкін емес, нәтижесінде тек «шикі» жобалар пайда болады, - дейді депутат.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бұлай ауыл шаруашылық ғылыми зерттеулердің уақытын қысқартутға болмайды. Себебі, бұл саладағы зерттеулер бюджеттік жоспарлау мерзіміне емес, ауа райының ерекшеліктерімен байланысты. Демек, аграрлық ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз.

Ғылымды алға сүйрейтін - инновация. Оның игілігін көру рейтінгісінде былтыр Қазақстан әлем бойынша 77-орынға ие болған. Ал Ресей мен Белоруссияны былай қойғанда, Моңғолия мен Ямайканың өзі біздің алдымызда жүр.

2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған. Осы көрсеткіш бойынша Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып келеміз. Себеп - қаржылай қолдау жеткіліксіз. Енді жаңа заңға сәйкес, бұл олқылықтардың орны толмақ. Мұның сыртында жыл санап қаржыландыру тетіктері де ұлғаяды.

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
-2021 жылы бұл көрсеткіш тағы 17 пайызға ұлғайтылғанын көріп отырмыз. Ел Президенті қаржыландыруды жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен 1 пайызға арттыру бойынша тетіктерді анықтау бойынша тапсырма берген болатын.

Енді елімізде «Үздік ғылыми қызметкер» атағы тағайындалатын болды. Сыйақы көлемі - 5 млн. 834 мың теңге. Жылына 50 ғалымды марапаттау жоспарланған. Бұл жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, ізденісте жүрген ғылыми қызметкерлердің бәсекеге қабілеттігін арттырмақ.

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі
-Білім және ғылым министрлігіне Ереже құру бойынша құзіреттілік беріліп отыр. Ғылыми қауымдастықпен комиссияның жұмысы және нақты қызметкерлерді таңдау критерийлері бойынша тиісті жұмыстар басталды.

Жаңа заңда жаңалық көп. Бастысы озық ғылыми жұмыстарды өндіріске дейін жеткізуге бақылау күшейеді. Саладағы плагиат мен ғаламтор арқылы сатылатын ғылыми еңбектердің жолы кесіледі. Бұл бағытта Бас прокуратурамен нақты шаралар қолға алынады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу