Ел ішінде жерге қатысты мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Мал баққан шаруа жайылымға жер таппай зар. Қала маңында бос жатқан жер көп. Бірақ ол жерде егін егіп, мал баққан адам тағы жоқ. Еш кәдеге жарамай жатқан жерді ел игілігіне қайтару керек. Осылай деген Президент бастамасына қазір сарапшылар да үн қосып жатыр.
Берік Дүйсенбинов – кәнігі шаруа. Қазір, депутат. Оның ойынша Жер кодексі ең алдымен шаруаның күйін күйттеуі керек.
Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Астананың маңайында азық-түлік белдеуі деген жоспар болған. Егер автокөлікке мініп араласаңыз жайылып жүрген мыңдаған жылқы, құлпырып тұрған егін көрмейсіз. Ал енді оны алайын деп барсаңыз оның бәрі біреудікі. Хабарландыру сайтын ашсаңыз мыңдаған гектар жер сатылып жатыр. Олар қайдан келді. Көктен түсті ме? Жемқорлық. Қолында билігі бар азаматтар бүгінде жүз гектарлап сатып отыр.
Бірақ, ресми түрде жер жоқ. Қолыңызда бизнес жоба болып, әкімдікке келсеңіз ол сізге жер бере алмайды-дейді, депутат. Сөйте тұра былтыр Қазақстанда 16 млн гектар жердің игерімлей жатқаны анықталған.
Айдос Әбдірахманов , ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы:-Жерді алып қоюдың мәселесі заң бойынша өте күрделі. 2 жыл. Екі жыл пайдаланбайды оған уақыт береді. Тағы екі жыл ескерту беріледі. Пайдалан деп уақыт береді. Пайдаланбаған жағдайда ғана үшінші жылы сотқа беріледі.
Игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару мерзімі енді 2 жыл емес 1 жылға дейін қысқармақ. Әрі, жерді алып қоюды автоматтандыру көзделген. Яғни, жер кәдеге жарап, не жарамай жатқаны ғарыштық мониторинг әдісі арқылы анықталады.
Марат Қаженов, ҚР АШМ Жер қатынастары және жерді орналастыру басқармасының басшысы:-Кеңейтілген отырыста берілген тапсырмасына сәйкес, жер мәселесі жөніндегі комиссия құру бойынша жұмыстар атқарылуда.
«Жерді пайдаланбай отырсың ба қайтар!». Осылай деген депутат Дүйсебинов, алған бетінен қайтар емес. Әрі, жер заңнамасын қарайтын топ құрамына қарапайым шаруаларды да қосу керек-деген пікірде.
Ғабит Бөкенбай