Шымкент қаласының әкімі вакцина салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының әкімі вакцина салдырды

01.02.2021

Өңірлерде ерікті түрде епке салдыруға лауазымды қызметтегі басшылар бірінші болып ниет білдірді. 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгінгі жұмыс күнін коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан бастады. Екпе шаһар басшысының ағзасына теріс әсер берген жоқ. Денсаулығы бірқалыпты. Оңтүстік мегаполисте «Спутник-V» вакцинасының мың дозасы төрт емханаға үлестірілді.

Жамбыл облысында да бас дәрігер алдымен өзіне салдырды. Алдағы уақытта медицина қызметкерлері мен індет жұқтыру қауіпі жоғары басқа да сала мамандарына ерікті түрде екпе егіледі. Қазір Тараз қаласында 9, аудандардағы 10 емдеу мекемесінде вакцинациялау жүріп жатыр. 

Әсет Қалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Короновирус инфекциясы кең көлемде таралып жатыр, енді осыны тоқтатудың ең басты жолы - жаппай вакцинациялау.

Ақмола облысында ақпан айының ортасына дейін 1300 адамға вакцина салынады деп жоспарлануда. Екпе тегін жасалады. Жалпы өңір бойынша тұрғындарға 24 медицина мекемесінде вакцина салынады. 

Сыр өңірінде «Спутник V» екпесін алғаш болып облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет алды. Ол екпеден кейін жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болды. Сондай-ақ, аймақтың бас мемлекеттік санитары да екпе салдырып, аурудың алдын алуда маңызды қадамға барды. «Екпенің сапасына еш күмәнім болған жоқ», - дейді ол.

Динара Жаңабергенова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы:
Бұл Ресей Федерациясының өзінде нақтыланған вакцина. Бұл ғылыми дәлелденген. Ауру деңгейін төмендетеді. Яғни, бұл адамдардың арасында осы коронавирус инфекциясының әрі қарай таралып кетпеуіне септігін тигізеді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу