«Balapan» телеарнасы жанынан Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі жұмысын бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасы жанынан Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі жұмысын бастайды

30.01.2021
«Balapan» телеарнасы жанынан Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі жұмысын бастайды

2021 жылдың ақпан айынан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» жобасы жүзеге асырылмақ. 

Жоба мақсаты: ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға болашақта мамандығына айналатын кәсіпті үйрету арқылы жаңа мүмкіндік сыйлау, баланы жаңа қырынан ашу және дамыту, ерекше балаларды әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу және олардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру. Сонымен қатар анимация мектебі түлектерін болашақта жұмыспен қамту мүмкіндігін қарастыру. 

Оқушылар алғашқы айда «Анимация негіздері» тақырыбындағы жалпы дәріске қатысып, анимация саласымен танысады. Әрі қарай қызығушылығы мен бейіміне, мүмкіндігіне қарай бірнеше топқа бөліп оқытылады:

1-топ - 2D аnimation тобы;

2-топ - 3D аnimation тобы;

3-топ - Stop Motion тобы;

4-топ - Сut-out аnimation (қағаздан қиылған анимация) тобы; 

5-топ - Ермексаздан анимация жасау тобы.

Анимациялық мектеп курсқа қатысушыларды 5 топқа бөліп, арнайы оқу кестесіне сәйкес білім береді. Негізгі сабақ кестесінен бөлек, анимация саласына қатысты шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Бұл шеберлік сабақтарына еліміздегі білікті мамандар тартылады. 

Жобаға 14-16 жастағы 30 бала іріктеліп, оқыту наурыз-тамыз айлары аралығында онлайн форматта жүргізіледі. 

Оқушыларды қабылдауда қойылатын талаптар: 

-Көру, есту, ойлау қабілетінің қалыпты болуы; 

-Бейнелеу өнеріне, анимация саласына деген қызығушылық деңгейі ескеріледі.  

Оқу курсы ақысыз негізде, қайырымдылық жобасы ретінде жүзеге асырылады. Оқыту «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен жеке анимациялық студиялардың, еліміздегі жетекші мультипликация мамандарының атсалысуымен ерікті түрде жүргізіледі. 

«Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебіне» өтінімдер balapantv@kaztrk.kz эл.поштасы арқылы 28 ақпанға дейін қабылданады. Өтініш беруші аты-жөні, жасы, байланыс нөмірін жазып, курсты таңдау себебі туралы аудио немесе видео жолдай алады. Өтінімдерді арнайы құрылған іріктеу комиссиясы қарастырады.

Қосымша ақпарат: 8 (717) 2 75 70 89, +77784128880.

Балапан телеарнасы Balapan анимация

Хабарламаларға жазылу