Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысы өтті

29.01.2021

Келер жылы БАҚ туралы жаңа заң қабылданып, журналистика жаңа деңгейге көтеріледі. Сондай-ақ, азаматтық қоғам институтымен жұмыс күшейе түспек. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, салаға қатысты бірнеше мәселені қозғады.

Министрлік соңғы уақытта журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамытуды қолға алған. Нәтижесінде, телеарналарда отандық фильмдер мен бағдарламалар көбейіп, шетелдік контент 30%-ға қысқарды. Ал соңғы кезде БАҚ-та атқарылған ауқымды жұмыс - коронавирусқа қатысты ақпараттандыру. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында пандемияға қатысты 270 мыңдай мақала жарияланған.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл туралы халықтың, әсіресе, өңірлердегі жұртшылықтың кеңінен біліп, бар мәселемен бөліскені дұрыс. Сол себепті, келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/оффлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ақпараттық-идеологияны күшейту керек. Бұл ретте, дін саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылды. Ал халықтың радикалдануына жол бермеу үшін нысаналы топтардың 70% процентіне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсаты тұр.

Ержан Нүкежанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы:
-Отандастарымыздың діни мазмұндағы діни радикалды ақпарат көздерінен қорғау мақсатында оларды анықтау және қолжетімділігін шектеу, бұғаттау, оларға жедел ден қою қызметі күшейтілді. Нәтижесінде 2020 жылы әлеуметтік желілердегі діни радикалды топтарда тіркелген отандастарымыздың саны 2019 жылмен салыстырғанда 46%-ға азайып, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 21 мыңнан астам материал бұғатталды және жойылды.

Ведомствоның алқа отырысын Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қорытындылады. Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жаңа жағдайдағы жұмысының басым міндеттерін белгіледі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Отбасылық-гендерлік саясатты жетілдіру жөнінде де жаңа тәсілдер әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу