Ресейде 2 миллион адам «Спутник-V» вакцинасын салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде 2 миллион адам «Спутник-V» вакцинасын салдырды

29.01.2021

Ресейде 2 миллион адам коронавирусқа қарсы «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Кемінде 70 млн тұрғынға екпе егу көзделіп отыр. «Нәтижесінде күзге қарай ұжымдық иммунитет қалыптасады»,-дейді көрші елдің мамандары. Ал жазда маска тағу режимі толықтай доғарылмақ. БҰҰ-ның бас хатшысы Антонино Гутерриш те таяуда бұл вакцина кеңінен қолданылуы мүмкін деген пікірін білдірді.

Индира Бегайдар,тілші:
«Спутник-V» вакцинасы Ресейде ресми былтыр тамыз айында тіркелді. Екі кезеңнен тұратын вакцина сынағына барлығы 31мыңнан астам ерікті қатысты. 10-желтоқсанда қорғаныс, денсаулық саласының қызметкерлеріне екпе егіле бастаса, қазір жаппай вакцинациялау науқаны жүргізіліп жатыр. Оған онлайн немесе қоңырау шалып жазылуға болады. Ал екпеге барған кезде тек төлқұжат талап етіледі.

Вера Михаилова 20 жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанады. Жетпістегі қария алғашқылардың бірі болып өз еркімен екпе салдырған.

Вера Михаилова, зейнеткер:
-Жиырма жылдан бері ешқашан ауырып көрмеппін. Себебі аурудың алдын алуға тырысамын. Дәрігерлермен мұқият сөйлесіп барып бірақ салдырдым. Бұл вирус өте қауіпті екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан біз сияқты зейнеткерлер үшін басқа амал жоқ.

Жалпы Ресейде кемінде 70 млн тұрғынға екпе егу көзделіп отыр. Вакцинаны жасап шығарған ғалымдардың айтуынша, «Спутник-V» вирустың жаңа британдық штамына да қарсы тұра алады. Мамандардың сөзіне сенсек, осы күнге дейін екпе салдырғандардың бірде-бірінде аллергиялық реакция байқалмаған.

Александр Гинцбург , Н.Ф Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының басшысы:
-Екпе салдырған соң 1,2 күннің ішінде дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, кейде бас ауырады. Бірақ бір парацетамол ішсе, ауру басылады. Зерттеуімізге сәйкес бұл симптомдар екпе салдырғандардың тек 15 пайызында кездеседі, қалған 85 пайызында өзін жайсыз сезіну болған емес.

Коронавируспен ауырғандар екпе салдыра ала ма? Көпшілікті осы сауал алаңдатады. Мамандардың мәліметінше, симптомсыз ауырғандардың ағзасында антиденелер ұзақ сақталмайды, ал вирустың ауыр түрімен сырқаттанғандардың организмінде 5,6 ай ғана өмір сүреді. Қауіпті кеселді екінші рет жұқтырғандар көбейіп барады. Сондықтан вакцинаны түгел салғаны абзал, дейді мамандар.

Александр Гинцбург, Н.Ф. Гамалея атындағы институт директоры:
-Зерттеудің үшінші кезеңінде сынаққа 60-70-80 жастағылар да қатысып, 40 мың адамға екпе егілді.Бәрі ойдағыдай өтті.Сондықтан вакцинаны егде жастағыларға салудың ешқандай зияны жоқ деген шешімге келдік.

Аяғы ауыр, емізулі баласы бар әйелдерге және 18 жасқа дейінгі балаларға екпе егілмейді. Вакцина екі жылға дейін ағзада коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Бірақ бұл адам індетке шалдықпайды деген сөз емес. Инфекция жұқтырған күннің өзінде ауру жеңіл түрде өтеді. Вакцинаны жасап шығарған Гамалея атындағы институт енді 1 айдан соң екпені балаларға егуге рұқсат алмақ.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу