COVID-19-дың жаңа түрлеріне қарсы күрес күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19-дың жаңа түрлеріне қарсы күрес күшейді

29.01.2021

Ұлыбритания азаматтарға шетелге демалысқа шығуды шектеді. Ал коронавирус өршіп тұрған аймақтардан келгендер екі апта карантинге жабылады. Қонақүйдегі жолаушылар шығынды өз есебінен өтейді. Сонымен қатар, Британия 22 елмен әуе қатынасын тоқтатты. Аталған шектеулерге коронавирустың «оңтүстікафрикалық» түрінің таралуы себеп. 

Португалия да халықаралық сапарларды шектеп, шекарадағы бақылауды күшейтіп жатыр. Елде індет өршіп тұр. Адамдардың көптігінен ауруханаларда орын жоқ. Науқастар жедел жәрдем машиналарында кезек күтуге мәжбүр. Мұнда инфекция жұқтырғандар саны 685 мыңнан асып, 11 мыңдайы қайтыс болды.

Ал Мексика коронавирус құрбандарының саны бойынша Үндістанды басып озып, әлемде үшінші орынға шықты. Елде індеттен 155 мыңнан астам адам көз жұмған. Сауда орындары жабылып, карантин күшейтілгеніне қарамастан, жағдай оңалмай тұр.

Коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина сынақтан сәтті өтті. Америкалық «Novovax» препаратының тиімділігі 89,3 пайыз деп бағаланып отыр. Өндірішуілердің хабарлауынша, ол «ковидтің» жаңа түрлерімен де күресе алады. Вакцина ресми тіркеуден өткізілген соң қолданысқа берілуі мүмкін.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу