«Спутник-V» вакцинасын егуге 14 ел келісім берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Спутник-V» вакцинасын егуге 14 ел келісім берген

26.01.2021

Қарағандыда шығарылған ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы көрші елге жөнелтіліп, зертханалық талдаудан сәтті өтті. Ал жалпы бұл екпені қазірдің өзінде әлемнің 14 мемлекеті салуға келісім берген.

Жасы тоқсанға таяған Ара Рейзис алғашқылардың бірі болып екпе салдырып, сынаққа қатысқан. Мамандығы - инфекционист, медицина ғылымдарының кандидаты.

Ара Рейзис, Мәскеу қаласының тұрғыны:
-Мен 15-ші қаңтарда вакцинаның екінші компонентін алдым. Өзім эпидемиялогиялық орталық университетінде жұмыс істеймін. Сондықтан бірінші кезекте екпені бізге салдырды. Вакцинаның қандай да бір кері әсері болған жоқ. Өзімді жақсы сезінемін.

«Спутник V» вакцинасын осы күнге дейін 14 мемлекет егуге келісім берген. Алдағы екі аптаның ішінде тағы 25 ел ресми тіркемек. Қазір препаратты Аргентина, БАӘ, Венгрия, Сербия, Беларусь сияқты мемлекеттер сатып алды. Ресейдің өзінде 1,5 млн-нан астам адам екпе салдырған. Вакцина негізінен тегін. Елде қазір оның 6.5 млн доза қоры тұр. Алғашқыда Ресейдің 85 өңірі қамтылса, енді екпе Сириядағы Хмейми авиабазасына да жеткізілді.

Владимир Радченко, РФ Қарулы күштері санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің басшысы:
-«Спутник V» вакцинасын әскерилеріміз салдырды. Бұл вакцинамен қарулы күштерімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Әскерилер ерікті түрде екпеге келісім берді.

Желтоқсан айында вакцина Қарағандыда ашылған кәсіпорында да шығарыла бастады. Оның алғашқы партиясы Ресейге жіберіліп, зертханалық талдаудан сәтті өтті. Қазір құжаттары рәсімделуде. Алғашқыда Ресейдің вакцинасы пайдаланылады. Кейін ақпанның 15-нен бастап жергілікті кәсіпорынның өнімі жаппай қолданысқа енгізіледі.

Бибігүл Төлегенова, Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы:
-Осы вакцинамен біз бірінші рет жұмыс істейміз республикада. Ресей Федерациясына шықтық. Медбикелерімізді оқытып. Қандай ерекшелігі бар вакцинаның соның барлығын көрсетсін деп. Ресейде Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында басталған екпе. Қала мэры Мәскеудің өз парақшасында жүргізіп жатыр, осы егілуідің арқасында қазір аурулар азайған.

Алдымен медицина саласы, құқық қорғау қызметкерлері, педагогтар мен студенттерге екпе салынады. Вакцина екі компоненттен тұрады. Бірінші екпеден соң ағзаға 21 күн демалыс керек. Кейін екінші компонент егіледі.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу