Түркістан облысында ақтүтек боранда жүзден аса көлік жолда қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ақтүтек боранда жүзден аса көлік жолда қалған

25.01.2021

Түркістан облысында соңғы үш күн бойғы ақтүтек боранда жүзден аса көлік жолда қалып, қар құрсауынан шығарылды. 400-ге тарта адам құтқарылды. 

Тәртіп сақшылары да тәулік бойы жолдарда кезекшілік атқарды. Солтүстік – батыстан соққан желдің күштілігі сонша, 34 елді мекенде 35 мыңға тарта тұтынушы жарықсыз қалды. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда 9 бағыт бойынша қозғалыс шектелді. Қауіпті деген аймақтарда жолдар әлі жабық.  

Талғат Досалиев, Түркістан облыстық ТЖД басқарма бастығы:  
- Түркістан – Ащысай бағытындағы облыстық автомобиль жолы қазіргі таңда жабық. Себебі, ол жақта желдің қатты тұру салдарынан жолдарды бір метрден астам қар басып қалған. Қазіргі таңда жол мекемелерімен қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.  

Сыр өңірінде де қыс қаһарына мініп, ауа райы көліктердің қозғалысына кедергісін келтірді. Әсіресе, «Шымкент-Самара» тасжолының бірнеше учаскесінде омбы қардың кесіренен көліктер жолда тұрып қалды. Далада қалған 11 жүк және 9 жеңіл автокөлікті құтқарушылар қар құрсауынан шығарып, барлығы 26 адамды құтқарды. Оның ішінде, балаларда бар. Сондай-ақ, қан сонарда аңға шыққан 6 аңшы қарлы боранда жоғалып кетіп, Қаратау бөктерінен аман-есен табылды.  

Айнұр Ақбаева       


Хабарламаларға жазылу