Атырауда тоңазытқышта нәрестені өлтірген дәрігерлер сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда тоңазытқышта нәрестені өлтірген дәрігерлер сотталды

24.01.2021

Атырауда жаңа туған нәрестені «өлі туды деп мұздатқышқа салып, бірақ кейін тіршілік белгісін байқаса да, көмек көрсетпеді» деп біз жұмсартқанымызбен, «жаңа туған сәбиді мұздатқышқа салып, қасақана өлтірді» айыпталған дәрігерлерге қатысты сот үкімі шықты. Облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері бұл іске тікелей қатысы бар деп айыпталған Қуаныш Нысанбаев 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға және акушер Жәмилә Құлбатырова 15 жылға сотталды. Неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылды, олардың үш жылға бас бостандығы шектелді. Бұл алғашқы инстанция болғандықтан, айыпталғандардың аппеляцияға беруге хақы бар.  

Бір тоқтала кететіні, олардың үкім шыққанда айғайлағандары. Ал біздің құлағымызға, баланың тірі екені белгілі болған кездегі дәрігерлердің сөйлескені деген аудиожазба келді. Оны түршікпей тыңдау мүмкін емес. Бекер тыңдадым деп қаласың.

Сонымен, тергеу мәліметтері бойынша дүниеге келген нәрестені дәрігерлер «өлі туды» деп құжат толтырып, арнайы тоңазтқышқа салады. Ал тірі екенін байқағанда көмек көрсетпейді, құжат толтырылып кеткенін ғана әңгіме қылады. 

Жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, «баланы мұздатқышта қалдыру» туралы пәрменді облыстық перзентхананың бас дәрігері болған Нысанбаев берген. Сонымен бірге нәрестенің өлімі туралы кездейсоқ білгендерін де айтқан- антикор қызметкерлері бас дәрігерге байланысты басқа тергеу жүргізіп жатқан- ол сот-медициналық сараптама институтының Атырау облыстық филиалының басшыларына 300 мың теңге көлемінде пара берді деген күдікке ілінеді. Дүниеге бала әкелген әйелдің өліміне байланысты өзін қорғап шығатын қорытынды алу үшін.


Хабарламаларға жазылу