Ресей қалаларында Навальный жақтастарының жаппай наразылығы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей қалаларында Навальный жақтастарының жаппай наразылығы өтті

24.01.2021

Сонымен кеше Ресейде оппозиционер Алексей Навальныйды босатуды талап етіп, митинг өтті. Рұқсат берілмесе де, жүз шақты қаланы шарпыған наразылық шарасының ядросы балалар емес,18 жасқа толмағандар 5-ақ процент көрінеді, 25-35 жас аралығындағы жастар болды. Якутияда 50 градус аязға қарамай шыққандар бар. 3 мың 300-ден астам адамды ұстап әкетсе де, коррупция сияқты дерттерден, айналаның бәрін жау көріп, «біз ерекшеміз, біз жеңімпаз ұрпақпыз» деген шовинистік идеологиядан көп адамның шаршағаны жазылады, сараптамалық материалдарда. 

Былтыр тамызда «Новичок» деген фторлы-фосфорлы-органикалық улы затпен уланғанын Батыс әлемі дәлелдеген А.Навальныйды Германия дәрігерлері аман алып қалғанын білеміз. Ол осы аптаға дейін Германияда болды. Жексенбінің кешінде еліне қайтты. «Кімге керек ол?» деп кекеткенімен, Кремль оны ұшақтан түсе сала қамап, түрмеге жапты. «Шартты жаза шартын орындамады» деп. Навальный бұрын екі іс бойынша сотталған етін. Алайда ол істер қолдан құрастырылған деген де пікір бар.

Түрмеге қамалғасын Алексей Навальный кезекті фильмін жариялатты. Онда Геленджик маңындағы елдің көзінен таса жерде Путинге арнап миллиард долларға сарай салынған деп, көп нәрсені баяндайды. Фильмді ю-тубтен 77 млн-ға жуық адам көрген. Сөйтіп әрбір ресейлік біледі деп айта алмайтын оппозиционерді әрбір дерлік ресейлік естіді.

Қазақстандық саясаттанушы Т.Қалиев телеграм-каналында «Жағдай ауқымды саяси дағдарысқа жақын. Шешімін табу үшін Кремль идеологтары сұңғылалықпен мықты креатив ойлап табулары керек. Немесе өте қатаң сценарий бойнша «бұрандаларды одан әрі бұрау» басталады» деп жазды.


Хабарламаларға жазылу