Ават ауылының тұрғындары ішер суын өзеннен алуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ават ауылының тұрғындары ішер суын өзеннен алуға мәжбүр

22.01.2021

Алматы облысындағы Ават ауылында орталықтандырылған су жүйесі ескіріп, тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып отыр. Қыс кезінде жағдай тіпті қиын. Жер астындағы құбырлар қатып, халық ішер суын өзеннен алуға мәжбүр. Ал ол жерден ит те, мал да су ішеді. Арнамызға қоңырау шалып шағымданған Ават ауылының тұрғындарымен Қуаныш Қанатұлы тілдесіп қайтты.  

Аваттағы орталықтандырылған су жүйесінің сиқы осы. Бір адам құдыққа түссе, екінші адам ыдыстарды толтыруы тиіс. Ал кей жерлерде құбырдағы су қатып, тұрғындар өзен жағалап кетеді. Ол жерде де жағдай мәз емес. Мұзды ою керек. Ал ойылған жерден мал да су ішеді.  

Юлдуз Тұрсынов, ауыл тұрғыны: 
-Ауылда судың проблемасы көп. Су тоңып қалған жағдайда таңертең осы жерден келіп аламыз. Малды да осы жерден суарамыз. 

Ауылға су құбырлары 30 жыл бұрын тартылған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Қазір су жүйесі - жеке шаруашылықтың иелігінде. Шама-шарқымыз келгенше жамап, бітеп жатырмыз, дейді олар. Әкімдіктегілер болса, жобалау жұмыстарын енді ғана қолға алған.

Талғат Сайдахметов, Ұйғыр аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы: 
-30 маусымға дейін жоба сметасын дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, ары қарай соның сомасына байланысты құрылыс монтаж жұмыстарына қаржы сұрау жұмыстары жүргізіледі.  

Жалпы Ұйғыр ауданында су мәселесі шешілмеген 3 елді мекен бар. Жоспар бойынша бұл ауылдар 2025 жылға дейін таза сумен қамтамасыз етілмек. Ал аваттықтардың да нақты қашан сапалы суға қол жеткізетіні әзірге белгісіз.

Қуаныш Қанатұлы                                                           


Хабарламаларға жазылу