Қарағанды облысында 6 мектеп пен 20 кезекші сынып карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 6 мектеп пен 20 кезекші сынып карантинге жабылды

22.01.2021

Қостанай мен Павлодар облысында ковид жұқтырғандар саны бір тәулікте екі есеге артты. Батыс Қазақстан мен Қарағанды облысында індет жұқтырған оқушылар көбейіп, соның салдарынан бірнеше мектеп карантинге жабылған.  

Батыс Қазақстан облысында қаңтарда 925 адамнан ауру анықталса, оның 48-і мектеп оқушысы. Соның салдарынан 15 мектеп карантинге жабылды. Қазір инфекциялық ауруханалар 50 пайызға толған. Енді базарлар, сауда орталықтары мен азық-түлік сататындардан басқа дүкендер және қызмет көрсету орындары сенбі, жексенбіде жұмыс істемейді. Сондай ақ ауданаралық және облысаралық автобустардың қозғалысы тоқтады.  

Қарағанды облысында қауіпті індеттің таралуына байланысты 6 мектеп пен 20 кезекші сынып карантинге жапты. Оқушылар коронавирустық инфекцияны сабақтан тыс уақытта жұқтырған. Ұстаздардың да індетке шалдыққаны анықталып отыр. Енді бұл мектептер 26-шы қаңтарға дейін қашықтан жұмыс істейді. Қарағанды облысы 18-ші қаңтардан бастап «сары» аймаққа кірді. Соңғы тәулікте 75 адам қауіпті індетке шалдыққан.  

Павлодарда соңғы тәулікте 235 адам коронавирус жұқтырды. Індеттің таралуының күрт артуы карантиндік талаптардың сақталмауынан-деп мәлімдеді санитар мамандар. Қаңтардың 17-нен бастап өңір қызыл аймақтар қатарына кірген болатын. Содан бергі күндері ауру жұқтырғандар саны 150-ден төмен түскен жоқ.

Қостанай облысында соңғы тәулікте 125 адамнан ковид анықталды. Сөйтіп бір тәулікте індетті жұқтырғандар саны екі есеге артты. Мұның алдында тек 67 адамнан вирус табылған болатын. Індеттің өршуіне байланысты қазір мектептер қайтадан қашықтан оқытуға көшті. Демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді.

Атырау облысында өткен тәулікте 111 адамнан коронавирус індеті анықталды. Қауіпті дертке шалдыққан науқастардың 71-і теңіз кенішінің жұмысшылары. Сөйтіп осы кеніштегі инфекциялық стациондарда оқшауланған адамдар саны 848-ге жетті. Еске сала кетейік, қауіпті індет жұқтырғандар санының тәуліктік көрсеткішіне байланысты Атырау облысы да «қызыл» аймаққа енген.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу