ШҚО-да оқу жылы басталғалы 1 мыңнан астам оқушы ковид жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да оқу жылы басталғалы 1 мыңнан астам оқушы ковид жұқтырған

20.01.2021

Елімізде індет қайта өршіп барады. Екі өңір ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша «сары» аймаққа өтуі мүмкін. Ел бойынша 12 қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарға алдын-ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді.  

Жамбыл облысы коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша «сары» аймаққа өтуі мүмкін. Өйткені індетке шалдыққандардың қатары күн санап артып барады. Жыл басталғалы 240 адамнан кесел анықталған. Олардың 70% да ауру белгілері болса, 30% да клиникалық белгілері жоқ. Қаланың бас санитар дәрігері сақтық шаралары қатаң ұстануға шақыруда.  

Шығыс Қазақстан облысында да жұқпалы инфекцияның таралу қарқыны үдеп барады. Жалпы, бұл өңір былтырғы жылдың желтоқсан айының 18-нен бастап «жасыл» аймақта болған. Бірақ, өткен тәулікте қауіпті індет бірден 43 адамнан анықталды. Жалпы, Шығыс Қазақстанда оқу жылы басталғалы бері 1 мыңнан астам оқушы ковид жұқтырған.

Ал, Алматы облысында бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сай ертеңнен бастап шектеу шаралары күшейтіледі. Жексенбіде қоғамдық тамақтану орындары, жабық азық-түлік және басқа да базарлар жұмысын тоқтатады. Мешіттер мен шіркеулер ашық болғанымен, ол жерлерге топтасып баруға болмайды. Ал облыс орталығында локдаун жалғасады.

Апта басталғалы коронавирус жұқтырғандардың ең көбі-Павлодар облысында. тұр. Соңғы тәулікте 151 адамның сырқатқа шалдыққаны белгілі болды. Ал, өткен аптада аймақтың 6 тұрғыны осы індеттен көз жұмды. Соған байланысты бүгіннен бастап карантиндік шаралар күшейтілді. Ірі сауда орындары, базарлар, монша, спорттық нысандар, бассейн, мұз айдындары сенбі мен жексенбі жұмысын тоқтатады.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу