Елімізде банк пен валюта айырбастау пунктерінің жұмыс режимі өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде банк пен валюта айырбастау пунктерінің жұмыс режимі өзгерді

20.01.2021
Елімізде банк пен валюта айырбастау пунктерінің жұмыс режимі өзгерді

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығы субъектілерінің жұмыс режимін өзгерту туралы бірлескен бұйрық шығарды.

Құжатта «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарда орналасқан екінші деңгейлі банктердің, резидент емес банктер филиалы мен валюта айырбастау пунктері, ипотекалық ұйымдар, сақтандыру ұйымы мен брокерлерінің, кредиттік ұйымдар, ломбард және шағын қаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктің қызметкерлерінің санына шектеу енгізілетіні туралы айтылады. 

«Қызыл» аймақтағы ұйымдар халыққа қызмет көрсеткен кезде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим шараларын қатаң сақтауы тиіс. Филиал қызметкерлерінің 60%-ын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру ұсынылады.

«Сары» және «жасыл» аймақтардағы ұйымдар да санитарлық талаптарды сақтай отырып, жалпы штат санының кемінде 50% қызметкерінің қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысуын қамтамасыз етуі тиіс», делінген хабарламада.

Екінші деңгейдегі банктерге клиенттер операцияларын өңдеуді жүзеге асыратын қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды және банкоматтардың, терминалдардың, интернет-банкингтің, мобильді банкингтің және басқа да клиенттердің банктік шоттарын қашықтан басқару жүйелерінің, инкассаторлық қызметтің, call-қызметтің, төлем карталарын жеткізу қызметінің, сондай-ақ олардың ұйғаруы бойынша басқа қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар экономика субъектілері мен халықты қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету бойынша үздіксіз қызметті, оның ішінде банкоматтарды қолма-қол ақшамен уақтылы толықтыруды және олардың кідіріссіз жұмысын жүзеге асыруы тиіс.

Хабарламаларға жазылу