Ұлыбритания: Шекарадан өту үшін ПТР қорытындысы талап етіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания: Шекарадан өту үшін ПТР қорытындысы талап етіледі

18.01.2021

Бүгіннен бастап Ұлыбританияға емін-еркін кіру мүмкін болмай қалды. Үкімет шекарадан өту талаптарын күшейтті. 

Марина Бекенова, тілші:    
-Бұл - коронавирустың беймәлім штаммдарынан қорғану үшін жасалып отырған әрекет. Бүгіннен бастап шетелден келген кез келген жолаушы ПТР тест нәтижесін көрсетуі тиіс. Қазақстанда және басқа да елдерде бұрыннан бар талап Ұлыбританияда енді енгізіліп жатыр. Тест нәтижесі жоқ жолаушы 500 стерлинг фунты, яғни 290 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Сау екенін дәлелдегеннің өзінде ол 10 күнге оқшауланады. Айта кетейік, бұған дейін эпидахуалы тұрақты кейбір елдерден Ұлыбританияға емін-еркін кіруге болатын еді.  
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:  
-Жаңа штаммдардың шекарамыздан өтіп кетпеуі үшін осындай әрекеттерге баруға мәжбүрміз. Бұған дейін бразилиялық штаммның анықталуына байланысты Оңтүстік Америка елдері мен Португалиядан келетін ұшақтарға тыйым салған болатынбыз. Жаңа шектеулер кемінде 15-ақпанға дейін жалғасады.  

Өкінішке қарай, жағдай әлі оңалмай тұр. Соңғы тәуліктің өзінде 39 мыңға жуық адам індеттің ілмегіне ілінсе, 671 адам коронавирустан қайтыс болған. Барлық үміт вакцинада, дейді үкіметтегілер. Қыркүйек айына дейін ересектер түгел екпенің алғашқы дозасын алады. Әзірге тек медицина саласының қызметкерлері мен егде жастағы кісілер ғана вакцина салдыруда. 80-нен асқан адамдардың үштен бір бөлігі екпе алып үлгерді.  

Марина Бекенова 


Хабарламаларға жазылу