Алматы - Қапшағай тас жолында 7 көлік соқтығысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы - Қапшағай тас жолында 7 көлік соқтығысты

15.01.2021

Алматы – Қапшағай тас жолында қалың тұман кесірінен бірнеше көлік соқтығысты. Ал Шығыс Қазақстан облысында далада адасып қалған екі адам құтқарылды. Ауа райының қолайсыздығынан туындаған еліміздегі жол-көлік оқиғалары жайлы Дәуренбек Әбдібек баяндайды.  

Алматы – Қапшағай тас жолында бірнеше көліктің соқтығысуы түн мезгілінде болған. Қалың тұман мен жақын маңдағы жанып жатқан қоқыс полигонының түтіні жүргізушілердің көзін байлап, қауіптің алдын алуға мүмкіндік бермеді. Соның кесірінен тоқтай алмай бірінің артынан бірі жеті көлік соқтығысқан.  

Айдана Айдынқызы, жол сапасына жауапты мекеменің баспасөз хатшысы:  
- Көру қашықтығы төмен болғандықтан оларға тағы бес көлік соқтығысқан. Үш жолаушы дене жарақатын алған.  

Сондай-ақ Райымбек ауданында таудағы асулардың бірінде ондаған көлік қарға батып, тұрып қалған. Оларға аудандағы полиция қызметкерлері жедел көмекке келіп, қар құрсауынан шығарды. Жолаушылардың ешқайсы зардап шекпеген, бәрі де сапарларын әрі қарай жалғастырады.

Ал Шығыс Қазақстанда дала жолымен жүрмек болған екі жолаушы адасып, қарға батқан көліктерінде тәуліктен артық отырған. Қатты аязда үсіп кетпеу үшін автокөлік салонында қағаз жағып жылынған. Келесі күні біреуі тау басына шығып ұялы телефонмен көмек сұрапты. Аудандық полиция мен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жедел іздеуге кірісіп, 32 және 47 жастағы екі адамды аман-есен тапты.  

Жеңіс Қоңақаев, Қатон-Қарағай аудандық полиция бөлімінің инспекторы: 
-Сағат 15.00 шамасында біз хабарласқан адамдарды іздеуге шықтық. Іздеу барысында, кешкі сағат 21.00-де екі адам табылды.  

Ал Қостанайдың полицейлері далада көлігі қарға батып, жолда қалған жүргізушіні құтқарды. Ол даланың жолымен жүріп, 30 градус аязда, көлігі омбы қарға кептеліп тұрып қалған. Полиция қызметкерлері жүргізушінің қарға батқан көлігін шығарып, қауіпсіз жерге дейін жеткізіп салды.  

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу