АҚШ пандемиядан зардап шеккен экономикаға тағы қаражат бөлмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пандемиядан зардап шеккен экономикаға тағы қаражат бөлмек

15.01.2021

Норвегияда коронавирусқа қарсы Pfizer/Moderna вакцинасын салдырған 23 адам қайтыс болды. Олардың барлығы 80-нен асқан қариялар. Вакцина өндірушіер егде адамдардың денсаулығы әлсіз болғанын алға тартады. Дегенмен, екпені мемлекет басшылары да салдырып жатыр. Ал АҚШ пандемиядан зардап шеккен экономикаға тағы қаражат бөлмек.  

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті пандемиядан тұралап қалған экономиканы тығырықтан шығару жоспарын ұсынды. Жобаға бюджеттен 1,9 триллион доллар бөлінбек. Бұл қаражат індетпен күресуге, вакцинацияға және әр жұмыссызға 1400 доллардан төлеуге жұмсалмақ.  

Джо Байден, АҚШ-тың сайланған президенті:  
-Шамамен 18 миллион американдық жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш берген. 400 мыңдай шағын кәсіпорын жабылды. Экономикалық дағдарыс болып жатыр. Бұдан артық уақыт жоғалтуға болмайды. Дәл қазір әрекет етуіміз керек.   

Франция ақпанның соңына дейін 4 миллион адамға екпе салуды жоспарлап отыр. Бес апта бойы ауруханадағы науқастар саны 25 мыңнан азаймай тұр. Эпидемияның өршуіне байланысты шектеу шаралары тағы күшейтілді 

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:  
-Бүкіл ел аумағында комменданттық сағат кешкі 6-дан басталады. Бұл уақыттан көшеге себепсіз шығуға болмайды. Аталған тәртіп 15 күн күшінде болады.  

Жалпы, Еуропада эпидахуал ушығып тұр. Германияда өткен тәулікте індеттен 1244 адам көз жұмып, антирекордқа жетті. Қаңтар біткенше елде қатаң карантин сақталады. Алайда билік «мега-локдаун» енгізуді жоспарлап отыр. Оған сай қоғамдық көліктер тоқтатылуы мүмкін.

Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу