Мәслихаттардың маңызы артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәслихаттардың маңызы артты

15.01.2021

Көппартиялы мәслихаттар қызу әрі тартысты жұмыс істеу арқылы тиімді шешімдер қабылдайды. Жергілікті өкілді органдарда әйелдер мен жастардың басым болуы да қоғам үшін маңызды. Осылай деген сарапшылар: әр партияның үмітін арқалаған депутаттар ел сенімін ақтауға бар күшін салады,- деген пікірде.  

Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов - бүгіннен бастап Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Саяси қызметіне сақадай-сай. Алып шаҺардың ауқымды мәселелерін шешу үшін еңбек етуге әзірмін дейді.  

Ермахан Ыбрайымов, қалалық мәслихат депутаты: 
-Мені Экологиялық комиссия төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Сол жұмысты атқаратын боламын.   

Сайлау қорытындысы бойынша Алматы қалалық мәслихатына алғаш рет төрт саяси партия өтті. Жаңа құрамдағы әйелдердің үлесі - 31%, ал жастар - 24%. Депутаттардың орташа жасы бұрын 48 жас болса, биыл мәслихат 5 жасқа «жасарып», 43 жас болып отыр. Мәслихат құрамы 70 пайызға жаңарды.

Нұрғали Нұртай, сарапшы: 
-Алматы - үлкен қала, сәйкесінше әлеуметтік мәселелері, қордаланған қоғамдық проблемалары көп. Оны шешу үшін жаңа Мәслихаттың алдында көптеген жұмыс пен міндеттер тұр. 

Сыр өңірінде де жергілікті мәслихаттар көппартиялық құрамға ие болды. Депутаттар корпусына «Нұр Отаннан» бөлек, «Ақжол», «Ауыл» және «Қазақстанның халық партиясының» белсенділері қосылды. Жаңа құрам мәслихаттардың жұмысын жетілдіріп, аймақтың дамуына оң өзгеріс әкеледі деген сенім бар.  

Ал Ақмола облыстық мәслихатына 3 партия өтті. Депутаттар қатарында алғаш рет «Ауыл» партиясының өкілдері бар. Жастар мен әйелдерге арналған 30 проценттік квота да сақталған. Ақмола облыстық мәслихаты 67 процентке жаңарды. Бұл жағдайды өңір тұрғындары жақсылыққа балап отыр.  

Аманай Сейітқасымов, тарих ғылымдарының кандидаты: 
-Мәслихатта әр түрлі саяси партиялардан өкілдер болса, ол біріншіден, осы органдардың жұмысын жақсартады, тереңдетеді, оның сапасын көтереді. Пікірлердің сан алуандығы, ұсыныстардың сан алуандығы, позицияларды, саяси бағдарламалардың, бағыттардың сан алуандығы, немқұрлым қоғам жан-жақты болса, сапасы жағы көтеріледі деп ойлаймыз.      

Халықтың мұң-мұқтажын естіп, өмір сүру сапасын жақсарту. Жұмыссыздықты азайтып, өңірді жан-жақты дамыту. Мәслихат депутаттарының алдында үлкен міндеттер тұр. Жер-жерде алғашқы отырысын өткізіп, төсбелгі тағынған су жаңа депутаттар енді білек сыбана жұмысқа кіріседі.

Жазира Оразқызы, Әділбек Серікұлы, Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу