ДДСҰ: Пандемияның екінші жылы бұрынғыдан да ауыр болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ: Пандемияның екінші жылы бұрынғыдан да ауыр болуы мүмкін

14.01.2021

Пандемияның екінші жылы бұрынғыдан да ауыр болуы мүмкін. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы осылай деп мәлімдеді. Бұған індеттің өршуі себеп. Ал Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуінше, ковидпен ауырған адамдардың ағзасында иммунитет 5 ай ғана сақталады.  

Британия ғалымдары жүргізген зерттеуге сай, тәжірибеге қатысқан 6614 адамның 44-і ғана коронавирусты қайта жұқтырған. Яғни ағзадағы антиденелердің індеттен қорғау деңгейі 83 пайыз. Алайда бұл тек 5-6 айға жетеді. Демек антидене болса да адамдар дертке екінші рет шалдығуы ықтимал. 

Ал Түркияда жаппай егуді бастады. Қытайлық екпені алғашқылардың бірі болып елдің денсаулық сақтау министрі салдырған. Вакцина алдымен медицина мамандары мен қарттарға егіледі. Жалпы елде «ковидті» 2 миллионнан астам адам жұқтырса, 23 мыңдайы қайтыс болды.

Фахреттин Қожа, Түркия денсаулық сақтау министрі: 
-Вакцинаны әр адам салдыруы тиіс. Себебі індеттен қорғайтын негізгі әдіс осы. Бұрынғы өмірге оралу үшін, барлығымыз екпе салдыруымыз керек. 

Ресей коронавирусқа қарсы үшінші вакцинаны тіркеуге дайын. Чумаков атындағы ғылыми орталық жасап шығарған препараттың әзірге атауы жоқ. Дегенмен денсаулық үшін қауіпсіз екені дәлелденген. Екпе ақпанда құзырлы органдардың мақұлдауынан кейін қолданысқа берілуі мүмкін.

Константин Чернов, ғылыми орталық қызметкері:  
-Вакцина өлі вирустың бөлшектерінен жасалған. Ол ағзада антиденелерді түзеді. Препараттардың жанама әсерлері анықталмады. Ал оның тиімділігі әлі зерттеліп жатыр. 

Азия елдерінде коронавирустың таралуы қайта өршіп барады. Қытайда өткен тәулікте 138 адамнан «ковид» анықталды. Сонымен қатар, сегіз айдан бері алғаш рет вирустан 1 науқас қайтыс болды. Індетке шалдыққандар санының күрт өсуі Жапония мен Оңтүстік Кореяда да байқалып отыр.

Жансая Қапасқызы 


Хабарламаларға жазылу