ШҚО-да ауылды су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ауылды су басу қаупі бар

12.01.2021

Шығыс Қазақстанда Ертіс өзенінің арналарында су деңгейі көтеріліп, ауылдарды су басу қаупі төнді. Бүгінде Глубокое ауданында тасқынның алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Себебі қызыл су Уварово ауылының іргесіне жеткен.  

Берік Көшербай, тілші: 
-Ертіс өзенінің негізгі арнасы бұл жерден 1 шақырым болса да, оның бір сағасы осы ауылдың тура қасынан ағып жатыр. Қатты аязда мұз қатқан соң қызыл су жайылып кеткен. Бүгінде көк мұз бен ауыл шетіндегі кей үйлердің қора-қопсысының арасы 1-2 метр ғана.  

Бұл жердегі байырғы тұрғындардың айтуынша, бұрнағы жылдары су осылай жайылып, үйлерге де кіріп кеткен. Сол кезде ауылды су басу қаупінен сақтау үшін өзен жағасын нығайтып, 3 шақырым жағалауға топырақ үйілген. Ал бүгінде Ертістің жайылған суы сол бөгеттен де асып кетуге шақ қалған. Ауыл халқы алаңдаулы.

Ольга Попова, Уварово ауылының тұрғыны:  
-Мұндайда қорықпау мүмкін емес. Түнде алаңдап ұйықтай алмай қалдық. Кенеттен су деңгейі көтеріліп кетсе, бізді басып қалуы мүмкін. Үйімде балалар, кішкентай немерелер бар. Олардың да үрейі қашты.  

Жергілікті билік өкілдері болса халықты дүрлікпеуге шақырып отыр. Су деңгейі көтерілген бойда жағалауды бекітуге кіріскен. Кей жерге топырақты арнайы техникамен де әкеліп төгіп жатыр.

Ауыл тұрғындары қатқан мұзды жарып, суды төмен ағызып жіберу керек деп есептейді. Бірақ ауыл басшысының айтуынша, бұл әдіс бір ауылдың проблемасын шешкенімен, басқаларға қиындық туғызуы мүмкін.

Ерлан Жұмағұлов, Ертіс ауылдық округінің әкімі: 
-Дәл қазір мұзды жарған дұрыс емес. Біздің ауылдан төмен орналасқан елді мекендерді су басуы мүмкін.  

Өзен арнасы тазартылып, тереңдетілсе, мұндай проблема туындамас еді дейді мамандар. Бірақ ол үшін тиісті мекемелердің рұқсаты мен қыруар қаржы керек. Дәл қазір оның бірі де жоқ.

Берік Көшербай 


Хабарламаларға жазылу