Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға төмендеді - министр

12.01.2021
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға төмендеді - министр

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,6 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

«2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2%-ды құрады. Блытыр экономикадағы қызмет көрсету саласы минус 5,6%-бен аяқталды, дегенмен соңғы айларда қарқын қалпына келе бастады. Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл 11 айдың деңгейінен жоғары», - деді министр.

Айтуынша, 2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайтылды. Жеңілдікті шарттармен кредиттерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды. 

«Бюджеттік және мемлекеттік басқарудың икемділігі қамтамасыз етілді. Бюджеттік ынталандыру артты. Нәтижесінде жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80 пайызы кредиттік төлемдерін кейінге қалдырды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды», - деді Дәленов.
Үкімет отырысы

Хабарламаларға жазылу