Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларында мыңға жуық дауыс беруші тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларында мыңға жуық дауыс беруші тіркелген

10.01.2021

Қазақстандықтар ең көп тұратын шет мемлекет Түркияда да бүгін отандастарымыз өз таңдауларын жасады. Анкара, Ыстамбұл және Анталия қалаларында орналасқан сайлау учаскелерінде мыңға жуық дауыс беруші тіркелген. Отандастарымыздың саяси науқанға қатысуына кедергі болмас үшін Қазақстан елшілігінің өтінішімен ел билігі коменданттық сағат кезінде еркін жүріп-тұруға рұқсат берген. Анадолы еліндегі сайлаудың қалай өткенін Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалынан көрейік.

Бекзат Анкарадағы әскери институттың курсанты. Түркияға келгеніне екі жылға жуықтаған. Өміріндегі ең алғашқы саяси таңдауын шетелде жасаймын деп мүлде ойламапты. Дегенмен ел болашағы үшін азаматтық ұстанымын айқындауды борышым деп біледі.

Бекзат Смағұл, әскери институттың 1-курс студенті:
-Ең бірінші рет Түркияда дауыс берем деп күтпедім. Қазақстан халқының дамуына үлес қосқаныма өте қуаныштымын. Бәріміздің берген даусымыз өте маңызды. 

Анкарадағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында ашылған №286 сайлау учаскесі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың кедергісіз дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін дауыс берушілер бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы әртүрлі уақытта келді.

Айдос Қыдырма, Анкарадағы №286 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жанындағы 286 сайлау учаскесі барлық санитарлық талаптарды орындап сайлаушыларды қабылдап жатыр. Алдымен Түркиядағы дипломатиялық миссияның отбасылары одан кейін студенттер және халықаралық ұйымдардағы жұмыс істейтін қазақстандықтар дауыс берді. 
Арман Нұрмахматұлы, Түрксой халықаралық ұйымының қызметкері:
-Мен бүгін сайлауға келе отырып, еліміздің, балалардың болашағы үшін дауыс беруге келдім деп ойлаймын. Сондықтан бұл сайлау қазақ елінің одан әрі ілгерлеуіне белгілі бір деңгейде қозғау салады деп есептеймін. 

Анкарадан бөлек Ыстамбұл мен Анталиядағы сайлау учаскелерінде де қазақстандықтар дауыс берді. Үш учаскеде де саяси науқанға отандастарымыз белсенді қатысып, ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу