Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске 9 депутат сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске 9 депутат сайланды

11.01.2021

Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер үшін дауыс беру аяқталды. Сайлау елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Дауыс беру басталмас бұрын Ассамблея төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев XXVIII сессияны ашып, сөз сөйледі. Оған еліміздің барлық өңірлерінен республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымнан құралған ҚХА мүшелерінің делегациялары келген. 

Жалпы, дауыс беруге Ассамблеяның 351 мүшесі қатысқан. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қалыс қалмады. Елбасы биыл ассамблеяға 25 жыл толатынын атап өтіп, ұйымның ширек ғасырда атқарған жұмысын қорытындылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:
-Ассамблеямыз 25 жылдан бері қарай елдің ішіндегі көп этностарды бір-біріне жақындастыратын, толеранттықты тәрбиелейтін, елімізді алға жетелейтін бірегей орган болып келе жатыр. Ассамблеядан сайланған біздің депутаттарымыз елдің бірлігін сақтап, әр этностардың құқығын сақтап, қазақ халқының төңірегінде біріктіретін осындай бір ұйым болып саналады. 

Қазақстан халқы Ассамбелясының атынан Мәжіліске сайланатын депутаттар үшін дауыс беру рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Ассамблеядан 9 үміткер ұсынылған. Айта өтейік, 2007 жылы Ата заңға Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығы берілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Соған сай биыл да дауыс беру процессі ұйымдастырылды. 

Сайлауға билік өкілдерінен Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин де қатысып, дауыс берді. Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы бюллетеньдерді санап, қорытындысын шығарды. Оған сәйкес, 9 үміткердің барлығы қажетті дауысты жинағаны белгілі болды. 

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу