Талдықорған жұрты қыс түскелі көгілдір отыннан тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған жұрты қыс түскелі көгілдір отыннан тарығып отыр

08.01.2021

Талдықорған қаласының тұрғындары қыс түскелі табиғи газдың да қызығын көруден қалды. Әсіресе жеке үйлерде тұратын жұрт әбден қиналған. Қатып қалған газ құбырларын жөндеуге апаттық қызмет келмеген соң, амалы таусылған тұрғындар ақауды өз күштерімен жөндеуге мәжбүр. Қуаныш Қанатұлының бейнематериалы. 

Қауіпті болса да басқа амал жоқ. «Табиғи газбен жанатын пешті уақытымен қоспаса, үйдегі жылу құбырлары жарылады», - дейді төрт баланың анасы Айна Тұратбекова. Күні кеше ғана жылу жүйесін қайта жөндеткен. 

Айна Тұратбекова, қала тұрғыны: 
Үйдегі батарея жарылып кетті. Газдың рахатын көреміз бе деп едік, кесірі тиіп жатыр ғой. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл көше сазды жерде орналасқан. Жер асты сулары жақын, топырағы тегіс емес. Ал табиғи газды жеткізу үшін пластик құбырлар тартылған. Халық қауіп-қатерден үрейленеді. 

Нүсіпбек Есембеков, қала тұрғыны:
Жер ойналмалы. Ол труба жарылады. Авария болады. Адам кетуі мүмкін.

Түсіріім тобын көріп, газ таратушы компания өкілдері де келіп жетті. Айтуларынша, олардың жұмысында еш кінәрәт жоқ. Құбырда ылғалдың болуы мердігерлердің қателігі. Қазір қала бойынша апаттық қызметке күніне 200-ден астам шақырту түседі. Көбі редуктор мен құбырдың қатып қалғанына шағымданады. 

Дәулет Өсербаев, жауапты мекеменің бас маманы:
Біз биыл құбырлардағы ылғалды кетіру үшін кешенді жұмыстар жүргізетін боламыз. Бірақ қазірдің өзінде қалада кейбір жерлерде ылғал жинайтын құрылғылар орнатылуда. 

Тұрғындардың шақыртуын елемей, тәуліктеп күттірген апат қызметі де аяқ астынан келе қалды. Ақауды қалпына келтіргенімен құбыр қайта қатып қалады. Ал, газ кіргізу үшін кемі 400 мың теңге жұмсаған тұрғындар көгілдір отынның игілігін көре алмадық деп налиды.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу