Отандасымыз ойлап тапқан құрылғы БҰҰ «Ең үздік жобалар» тізіміне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандасымыз ойлап тапқан құрылғы БҰҰ «Ең үздік жобалар» тізіміне енді

07.01.2021

Отандасымыз ойлап тапқан құрылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының ең үздік жобалар тізіміне енді. 300-ден астам ғылыми жаңалықтың ішінен озық деп танылған жобаны толыққанды жүзеге асыруға Франция, Сингапур, Үндістанның ғылыми орталықтары қызығушылық білдіріп отыр.  

Әлемді таң қалдырған қазақ ғалымы - Ғалымжан Ғабдрешев. Ол зағип жандарға арналған ерекше құрылғы ойлап тапқан. Осының арқасында жанары су қараңғы адам да дүниені өзгелер сияқты сезіне алады. Яғни, аппарат көзі мүлде көрмейтін жанның өз бетінше қозғалуына көмектеседі. 

Ғалымжан Ғабдрешев , өнертапқыш: 
-Осы дауыс арқылы көзі көрмейтін адамның миы қозғалысты реттеп отырады. Нәтижесінде, адам арақашықтықты сезініп, жанында тұрған заттың көлемін, пішінін, тіпті материалын анықтай алады. Тек түсін ғана ажырата алмайды. Есесіне, қандай зат екенін ұстамаса да біледі. 

Ғалымжан құрылғыны жасап шығаруға 3 жыл уақыт жұмсаған. Оның алғашқы эксперименттерін Ұлттық арна осыған дейін де көрсеткен. Мысалы, қос жанарынан бала кезінде айырылған Жазира осы аппарат арқылы заттарды оп-оңай танып отыр.

Жазираның айтуынша, әр заттың өз дыбысы бар, зат қозғалмаса да дыбыс шығып тұрады. Бірақ, оны кез келген адам ести алмайды. Тек көздің көруі нашарлағанда адам миындағы ультрадыбыстарды есту қабілеті оянады.

Аппараттың көмегімен үйде де, көшеде де емін-еркін жүруге үйренген Жазира қазір, тіпті, велосипед тебетін болған. Ал, оған осынша мүмкіндік сыйлаған Ғалымжанның жобасы «SEZUAL» деп аталады. Яғни, «сезіп ал» деген сөз.

Осы күнге дейін Жазирадан бөлек, тағы 30 адамға сынақ жасалған. Арасында көзі көрмейтін адамдарды оқытатын әлемдік қауымдастықтың президенті Салехаттин Айдин да бар.

Ғалымжан Ғабдрешев , өнертапқыш: 
-Олар мұның жәй ғана көмекші құрал емес, жаңа технология екенін растады. Өздерінің айналадағы заттарды қалай көргенін, қалай сезгенін айтып берді. Енді осы аппаратты дамытып, жалпы қолданысқа енгізу қажет. 

Қазір 10 шақты адам бірігіп, жобаны әлі де жетілдіріп жатыр. Ал, идеяға қызығушылар өте көп. Бүгінде әлемде көзі көрмейтін 400 миллионнан астам адам бар. Ғалымжан бір құрылғыны 3 мың долларға бағалап отыр. Бұл соманың көп бөлігі зағиптарды оқытуға жұмсалады. Ал, шет елдік орталықтар осы аппаратты өз елінде шығаруға ынтығып, қажетті кешен салып беруге, тіпті, бір аппаратқа 12 мың доллар төлеуге дайын екенін айтқан. Бірақ, Ғалымжанның өзі ондай орталықты елімізде ашуды қалайды.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу