Көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болады - Тоқаев мемлекеттік тапсырыс туралы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болады - Тоқаев мемлекеттік тапсырыс туралы

05.01.2021
Көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болады - Тоқаев мемлекеттік тапсырыс туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Бұл туралы ол «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазған.

«Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті. 

Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», - деді Тоқаев. 

Президент мақаласында көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет екенін айтып, Алаш арыстарына қатысты пікір білдірді.

«Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.

Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент мақаласы Тәуелсіздік бәрінен қымбат

Хабарламаларға жазылу