«Шалқар» радиосына - 55 жыл! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шалқар» радиосына - 55 жыл!

31.12.2020
«Шалқар» радиосына - 55 жыл!

1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» радиосы алғаш хабар таратты. Содан бері «Шалқар» радиосы елдегі тек мемлекеттік тілде хабар тарататын ұлтымыздың үнжариясына айналды. Бүгінде «Шалқар» радиосы құрамында Қазақ радиосы, «Астана» және «Классик» радиолары бар «Қазақ радиолары» ЖШС қатарында күнделікті тыңдармандарын ақжолтай жаңалықтарымен қуантып келеді. 


 «Шалқар» радиосының алғашқы хабар таратқан 1 қаңтар күнгі эфирі ерекше. Радио ардагерлері мен еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құттықтаулары беріліп, эфирде ардагерлер естелік-тілектерін айтады. 

«Шалқар» радиосы хабарларының басым бөлігі 2020 жылдың қыркүйегінен бастап, Алматы қаласындағы Желтоқсан 175 мекенжайынан еліміздің түкпір-түкпіріне толық тікелей эфирде хабар таратып отыр. Қазіргі уақытта «Шалқар» радиосы 18 сағат бойы екі шаһар – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан эфирге шығуда. 

Ерекше айтарлығы, «Шалқар» радиосы ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйек - жаңа маусымнан тек қана қазақтың ұлттық музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы - қазақтың әні мен күйін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламаларда ғана эстрадаға өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер берілуде. Радио форматына сай имидждік роликтері, «төсеніш» музыка (подложка) т.б. ұлттық бағытта жаңаланды.


«Шалқар» радиосы «Алтын қордағы» інжу-маржандарымызды аптаның бес күнінде сағат 22.00-де бір сағаттан күнделікті үзбей беріп келеді. Сондай-ақ «Алтын қордағы тұлғалар дауысы», «Алтын қордан ән тыңдайық», «Алтын қордан күй тыңдайық», «Бізге қымбат дауыстар» сынды арнайы айдарлар күніне бірнеше дүркін эфирден өтеді. «Ретро» айдарында күн сайын «Алтын қордан» басқа еш жерде кездеспейтін оригинал жазбалар беріліп келеді. 

радио

Хабарламаларға жазылу