Ақтөбе облысында тарихи құнды көне кітаптар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тарихи құнды көне кітаптар табылды

29.12.2020

Ақтөбе облысында тарихи құнды көне кітаптар табылды. Оны мамандар мен ауыл тұрғындары Хромтау ауданына қарасты Тасөткел ауылындағы қорымнан аршып алды. Музей қызметкерлері кітаптың кемінде бір жарым ғасыр бұрын жазылғанын айтады.  

Жәдігер жатқан жерді ауылдың малшысы тапқан. Бірден ескі қорымды қазуға батылдары бармаған ауыл тұрғындары кейін барлық жөн-жоралғыны жасап, жәдігерді қазып алып шықты. Көне дүниенің сыртына оралған газеттің 1963 жылы шыққаны белгілі болды. Яғни, кітап та сол уақытта көмілген болуы керек. 

Жақсыбек Кемал, тілші: 
-Есі қорымғабір емес, төрт кітаптың көмілгені белгілі болды. Оның үшеуі ислам шариғатына,бірі араб грамматикасына арналған. Дегенмен, мұқабалары болмағандықтан, мамандар дәл қай жылы шыққанын анықтау қиынға соғады деп отыр. 

Араб қарпімен жазылған ескі кітаптарды мешіт қызметкерлері де қарап шықты. Айтуларынша, бұл жәдігерлерді діни сауаты жоғары, беделді адам қолданған. Ол заманда мұндай бір кітапты діндарлар бірнеше бас ірі қараға сатып алған. Кітапты көмген адам кеңестік идеалогияның салқынынан сескенген болуы керек. Мұқабасының болмауы да сондықтан дейді мамандар.

Ләззат Нүркеева, облыстық өлкетану музейінің қормеңгерушісі: 
-Бір жарым ғасырдай немесе 2 ғасырға жуық тарихы бар кітап екен. Бұл кітап негізінен, менің ойымша, кеңестік заманда қазақ халқының ішінде исламды ұстанған бір діндар адамның кітабы болуы керек. 

Енді музей қызметкерлері құнды жәдігерді реставрациядан өткізеді. Оған 1 жарым, екі жылдай уақыт кетеді. Одан соң облыстық мешіт жанындағы мұражайға қойылады.

Жақсыбек Кемал  


Хабарламаларға жазылу