Елордада Kinopark&Kinoplexx кинотеатрлар желісі өз жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Kinopark&Kinoplexx кинотеатрлар желісі өз жұмысын бастады

29.12.2020

Елордада Kinopark&Kinoplexx кинотеатрлар желісі бас санитар дәрігердің қаулысымен жұмыс істей бастады. Яғни барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында прокатқа шыққан жаңа туындыларды тамашалауға мүмкіндіктеріңіз бар.  

Кинозалдағы орындықтардың 30%-ін ғана толтыруға рұқсат. Шахматтық реттілікпен отырғызу, бетперде режимін сақтау, әлеуметтік қашықтықты бұзбау сынды сақтық шаралары қадағаланады. Келушілердің температурасы тексеріледі. Дезинфекциялық кілемшелер мен санитайзерлер орнатылған. Бактерицидті кварц шамдары да бар.

Ерлан Бұхарбаев, Kinopark&Kinoplexx кинотеатрлар желісінің PR директоры:   
-Биыл еліміз үшін де, кинотеатрлар үшін де қиын кезең болды. Дәл осы сәтте бізді қолдағандардың бірі кинопродюсер Тимур Бақтыбаев. Ол өзге продюсерлер сияқты киноның шығу уақытын кейінге ысырмай, қаражатының ақталмай қалуы мүмкін екеніне қарамастан, екі бірдей туындысын прокатқа шығарды. Кристофер Нолан мен Том Круз сынды ол да кинотеатрлардың жұмысын жандандыруға, еліміздің кино саласының дамуына атсалысып келеді.   

Тимур Бақтыбаев ұсынған туындының бірі -жаңа жылға арналған отбасылық «Папа поневоле» фильмі. Ол енді бас қалада да көрсетіле бастады. Бүгін кинотеатрларды қолдап, көрерменді көңілді отбасылық фильмге шақыру үшін кинотуындының актерлық құрамы да арнайы келді.

Тимур Бақтыбаев, кинопродюсер:  
-Әрине, тәуекелге барып отырмын. Себебі мен қазіргі жағдайды түсініп отырмын. Кинотеатрларда репертуар жоқ. Оларды қолдауға тырыстым. Қазіргі уақыттың өзінде мен киномның шығынын шығарып жатырмын.  

Айта кетейік, Kinopark&Kinoplexx кинотеатрлар желісінде келушілерге арналған арнайы акциялар өз жалғасын табады.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу