ҚХП белсенділері отандық өнімді таңдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХП белсенділері отандық өнімді таңдайды

28.12.2020

Партиялардың үгіт-насихат шаралары қыза түсті. Әр партия өкілдері ауыл-аймақтарды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін көріп жүр.  

Бұл сөредегі нан өнімдерін жергілікті наубайханашылар әзірлеген. Ұннан жасалған тағам түрлері тұтынушылардың көңілінен шығып, жоғары сұранысқа ие болуда. Сатушылар осылай дейді.   

Партия мүшелері ашық және жабық базарларды аралап, әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің қаншалықты жеткілікті екенін көрді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі – халықшылдардың сайлауалды бағдарламасындағы басты бөлімдердің бірі. Бұл бағыт экономиканың шикізаттың емес секторын дамыту мен отандық кәсіпкерлерді қолдау сияқты бастамалармен бір қатарда тұр. 

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:
-Біздің партия әрқашан да үнемі сауда нүктелері мен супермаркеттерде ішін аралап, отандық тауарлардың қанша деңгеймен қамтамасыз етілгендігі туралы мониторинг жүргізіп отырады. Бүгінгі таңда көріп отырғанымыз отандық тауарлардың әлі де болса, біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне келтіріп отырған пайдасы аз. 

Елдің экономикалық даму стратегиясында қарапайым және бірінші қажеттіліктегі тауарлар өндірісіне баса мән берілу керек, дейді Қазақстан халық партиясындағылар. Әрине оның ішінде отандық азық-түлік өндіру - басты орында. Саяси бірлестік өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда жасалған әр өнім тренд болуы тиіс. Осылайша, тұтынушылардың сұранысы мен талғамы арқылы шағын өндірушілердің ірі кәсіпорындарға айналу мүмкіндігі де артады. Шара соңында партия мүшелері қазақстандық өнімді таңдап, өздеріне ұнаған тауарларын сатып алды.  

Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Рабиға Тоқсеитова Шығыс Қазақстандағы тауарлы сүт өндіретін ферма жұмысымен танысты. Глубокое ауданында орналасқан шаруашылықта тәулігіне 36 тонна сүт сауылады. Осы жерде 20 жылдан бері жұмыс істетін Қайрат Қабдолдин бұрынғы мен бүгінгі жағдайдың айырмашылығы өте көп дейді.  

Қайрат Қабдолдин, ферма бригадирі:  
-Ол кезде өте ауыр болды. Жұмыстың бәрі қолмен істелетін. Қазір болса заманауи технологиямен істеледі. Адамдардың физикалық күш жұмсауы аз, бәрін техника істейді. 

Партия атынан Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Ауылды көркейту үшін жастарға көбірек көңіл бөліп, жан-жақты қолдау керек дейді.   

Рәбиға Тоқсейтова, «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына үміткер:
-Енді осы жастардың бәрі ертең қалаға кетіп, кәрі адамдар зейнетке шыққаннан кейін ауыл шаруашылығын кім көтереді. Сондықтан осы мәселені біз қолға алып жатырмыз, жастарға көмек көрсетуді. Сонымен қатар бағдарламамызда тағы да бірнеше бағыттар көрсетілген. 

Кездесуде «Ауыл» партиясының өкілдері ауыл тұрғындарымен азық-түлік қауіпсіздігі туралы да сөйлесті. Шаруашылықтағы жұмысшылар кандидаттарға өздерінің сұрақтарын қойып, ауылды дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді. 

Бүгін «Адал» партиясының өкілдері онлайн форматта өткен халықаралық конференцияда сайлауалды бағдарламаның негізгі 5 бағыты жөнінде айтып берді. Еуропалық одаққа мүше 10-нан астам елдің дипломаты қатысқан жиында үгіт-насихат кезеңі жан-жақты талқыланды. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне қатысты сауалдар жиі қойылды. Партия өкілдерінің айтуынша, үгіт-насихат кезеңі басталғалы бері халықаралық ұйымдардың қызығушылығы едәуір артқан. Осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен ТМД елдерінің парламентаралық ассамблеясының өкілдері партияның аймақтардағы филиалдарының жұмысымен танысқан. Айта кетейік, 10-шы желтоқсаннан бастап Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына ұсынылып отырған үміткерлер 3600-ден астам кездесу өткізген. Оларға 73 мыңға жуық адам қатысқан.       

Бауыржан Оразғалиев, «ADAL» партиясының аппарат жетекшісі:
-Олардың барлығы өз ұсыныстарын айтты. Ескертпе, өтініш, арыздарын айтты. Оның барлығын жинақтап, келешекте өз жұмысымызды соған бейімдейміз. Үгіт-насихат науқанын екі деңгейде өткізіп жатырмыз. Бірінші нақты кездесулер. Бұдан басқа электронды форматта да кездесулерді өткізіп жатырмыз.  

Ақтау тұрғындары аймақ бюджетінің бөлінуіне риза емес. Бұл мәселе туралы «ADAL» партиясынан депутаттыққа кандидаттармен өткен онлайн кездесуде айтылды. Партияның мақсаты жекелеген қалаларды емес, елдің барлық өңірлерін дамыту. Өңірлерді дамытудың қолданыстағы стандарттары ескіргенін, сондықтан партия өңірлік саясатты түбегейлі өзгерткісі келетінін және бұл ретте өңірлердің тұрғындары партияларға қолдау көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Ақтау тұрғындары бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау салдарынан туындайтын мәселелерді жиі көтерді.  


Хабарламаларға жазылу