Айша Құрбанбек: Қашықтан оқыту кезінде достың, мектептің, мұғалімнің қадірін түсіндім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айша Құрбанбек: Қашықтан оқыту кезінде достың, мектептің, мұғалімнің қадірін түсіндім

27.12.2020

Жалпы, биыл азаматтық қоғамның дамуы артты. Айтылып жүрген проблемалардан бөлек, пандемия көп жараның бетін ашты. Сондықтан өзгеруі тиіс дүниелер, шешпесе болмайтын мәселелер қоғамда қызу талқыланып, пікірталас алаңдары көбейді. Мысалы, біздің қоғам бүкіліміз төлейтін салықтардың жиынтығы яғни бюджеттің қандай принциппен бөлінетінін, қалай бөлінетінін және оның қалай игерілетінін білгісі келеді. Сонымен бірге бірлесіп көп мәселені шешуге болатыны – еріктілер фронтында ғана емес, басқа участоктарда да байқалады. Қоғам болып ұйысу сезіледі.  

Осы ретте жаңа буынның пайымы, принциптері, бағыты қуантады. Олар коррупциядан ада әділ бәсеке алаңы болғанын қалайды. Және талап етеді. Сапалы білім алып, тынымсыз еңбектенсе – бұл дүниеге кірпіш болып қаланатынын өздері жақсы біледі. Біз мектеп оқушыларының пікірін жинадық.

Жалпы, аяқталғалы тұрған жылы қозғаған сан алуан тақырыптар, тиісінше, сан алуан кейіпкерлерді еске түсіріп, жыл қорытындысына біреуін ғана таңдау керек деп өзімізге өзіміз тапсырма бергенде өткен аптада айтқан Өрден есімді жігіт көз алдымызға келді.

Иә, дәрігер бейнесі, ерікті бейнесі, мұғалім мен оқушы бейнелері, ауырып немесе баласына ас-ауқат таппай қиналған жандардың бейнесі... кез келгенін алсақ, қателеспейміз. Дегенмен үміт оты сөнбеуі керек деп шештік.

Күрделі мамандықты таңдап, оған жету үшін талмай оқыған, талмай еңбектенген, мақсатынан бір қадам айнымайтын Өрденнің «историясы» әсіресе жас буынға үлгі. Қытайда дүниеге келіп, Отанымызға жақындарынсыз жалғыз оралып, бірақ армандарын тәрк етпей, биікке тура да, ауыспалы да мағынасында самғап жүрген ұшқыш жігіт тамыр-таныссыз, коррупциясыз үлкен жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеген адамдардың бірі.


Хабарламаларға жазылу