Өткен тәулікте 776 адам COVID-19 жұқтырғаны расталды

27.12.2020

Елімізде өткен тәулікте COVID-19 коронавирусы 776 адамға жұққаны тестпен расталды. Аймақтар бойынша ең көп науқас Атырау облысында -132, Алматыда – 85. Мына облыстарда көбірек анықталды: Павлодар облысы - 79, Қостанай облысы - 63, Алматы облысы – 62, Нұр-Сұлтан қаласы– 61, Солтүстік Қазақстан облысы -59, Ақмола облысы -55. 

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 151 727. Ресми дерек бойынша қайтыс болғандар 2196. Жазда коронавирус белгісі бар пневмониядан өте көп адам қайтыс болғаны мәлім, алайда ол кезде есебі жүргізілген жоқ. Хатталатын тамыздан бері пневмония бойынша өткен тәулікте 150 адам тіркелген. 1 адам қайтыс болған. Тамыздан бері жалпы тіркелгені 45 415. Ресми ақпар бойынша 490 адам қайтыс болған. Екі бөлек берілетін ресми деректерді қоссақ, коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны – 197 142.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус қазіргі COVID-19 пандемиясы бұл тіршіліктегі соңғы еместігін ескертеді деп жазып жатыр, ақпарат құралдары.

«Тарих бізге мұның соңғы пандемия емес екенін көрсетіп отыр және эпидемия деген жоғалмайтын өмір шындығы», деген ол, бүгін – 27 желтоқсанда атап өтетін Халықаралық эпидемияға қарсы дайындық күніне орай сөйлеген сөзінде. ДДС ұйымының бас директоры соңғы 12 айда әлем төңкерілді десе болады, инфекцияның таралуы өз алдына, адамзат дамуына, экономикаға салдарын айтсаншы, деген.  

ДДС ұйымы 11 наурызда пандемия жариялағанын білеміз. Сарапшылар бұл шешімнің кеш шығарылғанын айтқан. Ұйымның соңы мәліметтеріне қарасақ, әлемде 78 млн адам вирус жұқтырып, 1,7 млн-нан аса адам көз жұмған.

Ал елімізде карантин шараларын күшейту туралы бас санитария дәрігерлерінің қаулылары шықса да, жаңа жылдық кеш өткізбеу, тіпті үйде 10 адамнан артық жиналмау туралы пәрмен берілсе де сол баяғыдай, тығылып «бешір» өткізу азаяр емес. Мысалы, мониторингтік топтар Алматыдағы мейрамханалар мен түнгі клубтардағы адам толы думандардың үстінен түсіп жүр. «Бешір» ұйымдастырушылар мен қонақтары бақылаушы топтардың мүшелерін басында Аяз ата мен Ақшақар деп қалған шығар. Аниматор шақыруға тыйым салынғанын олар естімеген де болар. Естісе де, «бір рет өмір сүреміз» деп қолды сілтейтіндер ме екен.


COVID-19 коронавирус Дүниежүзілік денсаулық ұйымы

Хабарламаларға жазылу