Ақтөбеде балалар 400 метр жердегі мектепке бару үшін 4 шақырым жаяу жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде балалар 400 метр жердегі мектепке бару үшін 4 шақырым жаяу жүреді

24.12.2020

Ақтөбе қаласының қақ ортасында тұратын 3 мыңға жуық халықтың балабақша мен мектепке баруы мұңға айналған. Олар темір жол арқылы өтетін көпір болмағандықтан, күн сайын тәуекелге бел буады. Ал, соңғы кезде сақшылар ол жолдың өзін жауып тастаған. Қалтарыста қалған халықтың талабын Жақсыбек Кемал жеткізеді. 

Жақсыбек Кемал, тілші: 
-Бұл жақтағы халықтың жолдың арғы бетінде орналасқан мектеп пен балабақшаға баруы үшін кедергі көп. Олар алдымен көлік жүйткіп жатқан үлкен жолдан өтеді. Одан соң қазір мен тұрған жылу құбырының үстіне шығуға немесе астымен еңбектеп өтуге мәжбүр. Ал, одан әрі қалың тоғай мен темір жол бар. 

Халық ең қорқыныштысы да осы тоғай мен темір жолдың арасы дейді. Өйткені, түнімен торуылдап бұзақылар мен есірткіге еліткендер көп жүреді. Тіпті, бірнеше рет адамдарға шабуыл жасаған.

Назгүл Аманғалиева, тұрғын: 
-Талай зорлау болды. Өзіме де бірнеше рет пышақпен тиісті. Осы жерге камера болса, қорықпай жүретін. 

Алайда, соңғы кездері бұл тіке жолдың өзімен өту қиын болып тұр. Себебі, көлік полицейлері рұқсат етпейді әрі айыппұлмен қорқытады дейді. Бұл жаққа қоғамдық көлік те келмейді. Ең жақын деген өткелдің өзі 2 шақырым жерде.

Ырза Әділова, Тұрғын: 
-Білмеймін, ешқандай нәтиже жоқ.Автобусты да сұрадық, жолды да бірдеме қылыңдар дедік.  

Ал, темір жол саласына жауаптылар өз істерінің заңды екенін алға тартып отыр. Олар облыс әкімдігіне көпір салуға ұсыныс бергенмен, нақты жауап алмаған.

Темірғали Күштаев, Ақтөбе магистральді желі бөлімшесі директорының орынбасары: 
-Осы сұрақты қарап, қаржыға байланысты шешеміз деген. Осы біз тұрған жерде бір жағдай болды, пойыз астына түсті адам. Өткен жылы 1, 2018 жылы үш жағдай болды, төрт адам қайтыс болды. 

Бұл аумақ бұрын саяжай болған. Дегенмен, қазір тұрғын үйлерге толы. Тұрғындармен кездесуге келген әкімдік өкілі көпшіліктің көңілінен шығар сөз айта қоймады.

Бақұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары: 
-Қазақстан темір жолы мекемесіне және өзіміздің қалалық құрылыс бөліміне ұсыныс беретін боламыз. Автобус мәселесі карантинге байланысты кішкене кешігіңкіреп алдағы уақытта шешілуі мүмкін. 

Амалы таусылған тұрғындар енді өткел салып беруді сұрап, кезекті рет әкімдікке арызданбақ.

Жақсыбек Кемал 


Хабарламаларға жазылу