«Жолаушылар тасымалы» АҚ 9 жылда 469 вагонды жаңартпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 9 жылда 469 вагонды жаңартпақ

24.12.2020

Келер жылы елімізде 50 жаңа вагон пайдалануға беріледі. Ал алдағы 10 жылда 500-ге жуық вагон жаңартылмақ. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының директоры Питер Штурм айтты. 

Пандемия темір жол саласына да оңай тиген жоқ. Жолаушылар ағыны жылдағыдан 50 пайызға азайған. Бірақ соған қарамастан, «Жолаушылар тасымалы» компаниясы вагондарды жаңарту жұмыстарын жоспар бойынша іске асырып жатыр.

Питер Штурм, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
Жаңадан сатып алынатын вагондар халықаралық стандарттарға сай. Яғни, жолаушылардың барлық топтары үшін қолайлы болады. Бірінші кезекте, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық бердік. Осыған байланысты, «Тұлпар» вагон жасау зауытының» базасында вагон өндіру үшін халықаралық конкурс өткізілді Оның нәтижесі келер жылдың қаңтар айында жарияланады.

Сондай-ақ, биыл стандарт вагондардың тораптарын ауыстыру басталды. Гигиеналық талаптар ескеріліп, санитарлық модульдер орнатылуда. Жалпы, 564 вагонның торабы ауыстырылады. Ал, алыс жолға қатынайтын пойыздарға тоңазытқыш пен қысқатолқынды пештер қойылуда.

Питер Штурм, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
Қазір алып-сатарлардың жолын кесу үшін үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Компания билеттерді онлайн форматта сату жүйесін жетілдірді. Мысалы, қазір бос орын болмаса, жолаушылар жүйеге тіркеліп, кезекке тұру тәртібімен билет сатып алуға мүмкіндігі бар. Бұл қызметті, қазірдің өзінде 319 мың адам пайдаланған.

Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың билетті жеңілдікпен онлайн рәсімдеуіне де мүмкіндік туды. Ал, жолсеріктердің жұмысын жақсарту үшін сыйақы жүйесі енгізіліп отыр. Яғни, жолаушылар арасында сауалнама жүргізіліп, жоғары балл алған қызметкерлерге бонус беріледі. Ол үшін келесі жылға 700 млн теңге бөлінбек.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу