Қарағанды авиациялық базасы «Су-30СМ» ұшақтарымен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды авиациялық базасы «Су-30СМ» ұшақтарымен толықты

23.12.2020

Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасы 2 бірдей «Су-30СМ» жойғыш ұшақтарымен толықты. Бұған дейін екеуі алынған болатын. Ұшақтарды Ресейден «Иркут» авиациялық зауытының тәжірибелі сынақшылары әкелді. Әмбебап әскери әуе кемелерінің артықшылығы неде? Руслан Нұрланұлы баяндайды.   

Бірегей ұшақ «Су-27» және «МИГ-31» секілді екі түрлі әскери машинаның қызметін атқарады. Ауа райын талғамайды, күндіз де, түнде де еркін қалықтайды. 40 шақырым биіктіктен 250 шақырым жердегі нысанаға дәл тигізеді. Секундына 230 метрге дейін биіктікке көтеріле алады. Шұғыл жағдайда ұшаққа отынды әуеде құю мүмкіндігі бар. Су жаңа «Су-30»-дың бірін тізгіндейтін ұшқыш-Оңлас Жандос. Ол жаңа техниканың тілін меңгеру үшін алдымен Талдықорғандағы базада, кейін Ресейдегі авиациялық зауытта тәжірибе жинаған.

Жандос Оңлас, штурман-ұшқыш: 
-Қазіргі заманның барлық талаптарына сәйкес, ең жоғары маневрлы ұшақтардың бірі. Өзінің маневрлығымен ол әуеде ғана емес, жермен де және судың бетіндегі қарсыластарымен де барлығымен жақсы жұмыс жасай алады. 

Әмбебап жойғыш ұшақты Ресей әскери әуе күштерінде кеңінен қолданып келеді. ТМД елдерінде Беларусь және Қазақстанда ғана бар. Еліміздің әскери әуе күштерін қайта жарақтау үшін мұндай ұшақтар Иркут зауытынан 2015 жылдан бері әкелінуде.

Нұрболат Топаев, ҚР ҚК ӘҚК әскери-әуе күштерінің қолбасшысы: 
-Бүгінде еліміздің барлық әскери қоғаныс күштерінің базалары заманауи ұшақтармен толығып отыр. «Су-30СМ»-ден басқа, «МИГ-35» жойғыш тікұшақтарымен, тасымалдаушы «МИ-171» ұшақтарымен қамтылған. Ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, тасымалдаушы «СИ-295» ұшақтарымыз тағы бар.  

Жыл өткен сайын еліміздің әскери әуе күштері дамып, ұшқыштардың шеберлігі артып келеді. Ел шекарасының қауіпсіздігін әуеден қамтамассыз ету үшін алдағы уақытта мұндай озық техника тағы алынады.

Руслан Нұрланұлы 


авиациялық база Су-30СМ ұшақ

Хабарламаларға жазылу