ІІМ академиясының курсанты өз-өзіне қол жұмсады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІМ академиясының курсанты өз-өзіне қол жұмсады

23.12.2020

Алматыдағы Ішкі істер министрлігіне қарасты академияның курсанты ас үй қоймасында асылып қалған күйі табылды. Қайғылы оқиға 13 желтоқсанда болған. 

19 жасар Саламат Өтегеновтің анасының сөзінше, баласы оқыған екі жарым жылдық курстың ішінде тек ақша сұраумен болған. Соңғы кезде тіпті жиілей түскен. Бұл әрекетін ашып айтпапты. Марқұм қайтыс боларының алдында мазасы кетіп, ағасына қайта-қайта хат жазған. Егер дереу үш сағаттың ішінде 300 мың теңге тауып бермесе, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

«Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза табуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы, яғни өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу барысында қаза тапқан адамның туыстары баяндаған барлық дәлелдер тексерілетін болады», - деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы оқиғадан кейін бүгін академияның басшысы Өмірбай Смайылов қызметінен босатылды. Сонымен қатар, академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылса, олардың бесеуі лауазымдарынан босатылды. Академияның оқу процесін, тұрмыстық жағдайларын, моральдық-психологиялық ахуалын, қаржы-шаруашылық қызметін кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнында министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу